БІЛІМ

1 қыркүйектен бастап мұғалімдерді аттестаттау қалай өзгереді?

Қазақстанда 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап педагогтерді аттестаттаудың жаңа тәсілдері пилоттық режимде енгізіледі. Енді мұғалімдерді бағалау кезінде тест нәтижесімен қатар кәсіби тәжірибесі мен нақты жетістіктері де ескеріледі, деп хабарлайды Bugin.kz.

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Ашық дереккөз

Жаңа тәртіп ҚР Оқу-ағарту министрінің 2026 жылғы 5 маусымдағы №159-НҚ бұйрығына сәйкес енгізіліп отыр. Пилоттық жоба 1 қыркүйектен 31 желтоқсанға дейін жалғасады. Яғни бұл әзірге бүкіл оқу жылына арналған тұрақты өзгеріс емес.

Жобаға ПББ-ны алғаш рет тапсырып, қажетті шекті балл жинай алмаған, сондай-ақ кезекті немесе мерзімінен бұрын аттестаттауға жататын педагогтер қатысады.

Мұғалімдер қалай бағаланады?

Аттестаттау «Ұстаз» ұлттық платформасында қалыптастырылатын педагогтің кәсіби цифрлық бейіні арқылы жүргізіледі. Онда мұғалімнің білімі, еңбек өтілі, санаты, біліктілікті арттыруы, кәсіби жетістіктері, педагогикалық қызметін бақылау нәтижелері және оқушылардың жетістіктері туралы ақпарат жинақталады.

Бұл ретте эссе, авторлық бағдарлама немесе оқу-әдістемелік материалдарды міндетті түрде ұсыну талабы болмайды.

Негізгі назар педагогтің күнделікті жұмысы мен нақты нәтижелеріне аударылады. Сабақ өткізу сапасы, оқушылардың білім деңгейі мен ілгерілеуі, олимпиада және байқаулардағы жетістіктері, кәсіби конкурстарға қатысуы, тәжірибесін таратуы және біліктілігін арттыруы ескеріледі.

Сонымен қатар жас педагогтерге кәсіби қолдау көрсету және тәрбие жұмысын ұйымдастыру нәтижелері де бағаланады.

ПББ-дан төмен балл алған мұғалімнің санаты жойыла ма?

Жоқ. Пилоттық жоба кезінде ПББ нәтижесі біліктілік санатын берудің немесе растаудың негізгі өлшемі болмайды.

Қолданыстағы санат оның мерзімі аяқталғанға дейін сақталады. ПББ-дан шекті балл жинай алмау санатты автоматты түрде жоюға негіз емес.

Егер мұғалім мәлімдеген санатына сәйкес келмесе, комиссия кәсіби цифрлық бейіндегі деректерге сүйеніп, қолданыстағы санатын сақтауы немесе төмендетуі мүмкін.

Жалақыға әсері қандай?

Біліктілік санатына байланысты мемлекеттік білім беру ұйымдарындағы педагогтерге лауазымдық айлықақысына қосымша ақы төленеді:

•⁠  ⁠«Педагог-модератор» – 30%;
•⁠  ⁠«Педагог-сарапшы» – 35%;
•⁠  ⁠«Педагог-зерттеуші» – 40%;
•⁠  ⁠«Педагог-шебер» – 50%.

Мұғалімнің нақты жалақысы оқу жүктемесі, еңбек өтілі, білім деңгейі және басқа да заңнамада көзделген төлемдерге байланысты есептеледі.

Мемлекеттік сатып алу бойынша

8 705 324 11 61