ҚОҒАМ

Түркістан облысында елді мекендердің ауыз су жүйелері жаңартылып жатыр

Мемлекет басшысының шалғай елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысында инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр. Сарыағаш ауданында бірнеше ірі жоба жүзеге асырылып, мыңдаған тұрғынды орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету көзделген, деп хабарлайды Bugin.kz.

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Ашық дереккөз

Түркістан облысында елді мекендерді тұрақты әрі сапалы ауыз сумен қамту бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен іске асырылуда. Бұл мәселе облыс әкімінің бақылауында.

Жұмыстардың барысын тексеру үшін облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов Сарыағаш ауданына жұмыс сапарымен барып, бірқатар су нысандарын аралады. Сапар барысында аудан әкімі Арман Абдуллаевпен бірге Ақжар ауылдық округіндегі ауыз су жүйесінің құрылысымен танысты.

Ақжар елді мекеніндегі жоба 2025 жылдың тамызында басталған. Құны 1,8 млрд теңгеден асатын нысан тәулігіне 327 текше метр су өндіруге қауқарлы болады. Жоба толық іске қосылғаннан кейін 1040 жеке тұрғын үй орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылады. Қазіргі таңда су қоймасын қоршау, су желілерін тарту және су құдықшаларын орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Бұдан бөлек, Зұлпыхар Жолдасов Сарыағаш қаласындағы «Самал-3» шағынауданын ауыз сумен қамту жобасының орындалуын тексерді. Жалпы құны 4,5 млрд теңге болатын жұмысты биыл желтоқсанда аяқтау жоспарланған. Қазір су құбырларын тарту жұмыстарының 60 пайызы орындалды. Жоба нәтижесінде 3021 тұрғын үй орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылады. Нысан аясында 2000 текше метрлік су қоймасының бетондау жұмыстары да аяқталған.

Жұмыс сапары Күркелес ауылдық округіне қарасты Ақүй елді мекенінде жалғасты. Мұндағы ауыз су нысаны 2025 жылдың желтоқсанында пайдалануға берілген. Елді мекенде су құбырлары толық тартылып, су құдықшалары орнатылған. Сонымен қатар жалпы сыйымдылығы 600 текше метр болатын екі су қоймасы салынып, екінші деңгейлі сорғы станциясы бой көтерген.

Жылға ауылдық округіндегі Жылға елді мекенінде де ауыз су инфрақұрылымы жаңартылған. Мұнда 104,8 шақырым су құбыры тартылып, нәтижесінде 5990 тұрғын ауыз су жүйесіне қосылған. Алайда жер асты суы деңгейінің төмендеуі және жаз мезгіліндегі су тұтынудың артуына байланысты елді мекенге су әзірге кестемен беріліп отыр.

Осы мәселені шешу үшін аудан әкімдігі тәулік бойы ауыз сумен қамтуға бағытталған жол картасын бекіткен. Қазір Жылға елді мекенінің су жүйесін «Р-1» магистральды су құбырына қосу бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Сараптама қорытындысы алынғаннан кейін құрылыс жұмыстарын қаржыландыруға республикалық және облыстық бюджеттерден қаражат бөлу ұсынылады.

Сапар Шеңгелді елді мекенінде аяқталды. Мұнда 300-ден астам тұрғын үйді таза ауыз сумен қамтамасыз ету жоспарланған. Жоба бойынша 63,4 шақырым су құбырын тарту және 162 су құдықшасын орнату көзделген. Қазіргі таңда су құбырлары толық тартылып, 150 құдықша орнатылған. Сондай-ақ 60 метрлік су ұңғымасы қазылды. Су қоймасының орны нақтыланып, құрылыс жұмыстары басталмақ.

Жұмыс сапары қорытындысында облыс әкімінің бірінші орынбасары мердігерлер мен сала мамандарына құрылыс қарқынын арттырып, нысандарды белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды. Сонымен қатар жобалық және техникалық талаптарды қатаң сақтау, тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамту мәселесін жүйелі түрде шешу қажеттігін атап өтті.

Мемлекеттік сатып алу бойынша

8 705 324 11 61