ҚОҒАМ
Абай облысының Бородулиха ауылында 20 жастағы Дильназ Жумагулова қаза тапты. Полиция күдікті ретінде марқұмның 20 жастағы танысын ұстаған. Қыздың отбасы істі «аса қатыгездікпен жасалған адам өлтіру» бабы бойынша қайта саралауды сұрап отыр, деп хабарлайды Bugin.kz.
Авторларды қолдау орталығы
mediabugin@gmail.com
Фото: Ашық дереккөз
Дильназ Жумагулова 13 шілдеде Бородулиха ауылында қаза болған. Ол отбасындағы жалғыз перзент еді.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, қыздың денесін таңертең жергілікті тұрғын тауып алған. Жедел іздестіру шаралары барысында 20 жастағы күдікті ұсталды. Марқұмның туыстары оның Дильназдың бұрынғы жігіті болғанын айтады.
Отбасының айтуынша, сот-медициналық сараптама кезінде қыздың денесінен 12 пышақ жарақаты анықталған. Әкесінің сөзінше, алғашқы соққылардан кейін Дильназ қарсылық көрсетуге тырысқан. Күдікті қызды шамамен 32 метр жерге сүйреп апарып, кейін кеуде тұсынан тағы жарақаттаған.
Марқұмның әкесі сараптама нәтижесінде ауыр бас-ми жарақаты да анықталғанын және пышақ жарақаттарының барлығы қыздың көзі тірісінде салынғанын мәлімдеді.
Қыздың ата-анасы қылмыстық істің ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 1-бөлігі бойынша сараланғанын айтады. Олар істі осы баптың 2-бөлігі 5-тармағына, яғни аса қатыгездікпен жасалған адам өлтіру ретінде қайта саралауды талап етіп отыр.
Қолданыстағы нормаға сәйкес, адам өлтірудің бірінші бөлігі бойынша 8 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Ал аса қатыгездікпен адам өлтіргені үшін 15 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Абай облысының полиция департаменті тергеу жұмыстары аяқталғанын хабарлады. Қазіргі уақытта процеске қатысушылар іс материалдарымен танысып жатыр. Бұл кезең аяқталғаннан кейін қылмыстық іс сотқа жолданады.
Істің құқықтық саралануына қатысты түпкілікті шешімді сот қабылдайды. Ал марқұмның анасы істің барлық мән-жайы толық қаралып, қоғам назарынан тыс қалмауын сұрап отыр.
Мемлекеттік сатып алу бойынша
8 705 324 11 61