Саясат
Татарстандық кәсіпкерлер Түркістан облысының шаруалары өндірген өнімдерге қызығушылық танытып отыр
Түркістан облысына «Mariana-Region» ЖШС көтерме-бөлшек сауда компаниясының басшысы Хасангусейнов Минатулла Хусейнұлы жұмыс сапарымен келді. Аталған компания Magnit және X5 Retail Group сияқты бөлшек сауда желілеріне жемістер мен көкөністерді жеткізумен айналысады.
Татарстандық компания өкілдері Ресей Федерациясына көкөністер тасымалдау аясын кеңейту және Түркістан облысының шаруаларымен іскерлік байланыс орнатқысы келетіндерін білдірді. «Мариана-Аймақ» серіктестігі айына 500-600 мың тонна көкөніс сатып алуды жоспарлауда.
Іссапар барысында татарстандық кәсіпкер М.Г.Гасангусейнов аймақтағы бірқатар шаруа қожалықтарын аралап, ондағы жылыжай кешендермен танысты. Ол өндіріліп жатқан өнімнің түрлері және көлемінің ауқымдылығына деген қызығушылығын жасырмай тұра алмады.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары М.Мырзалиев қонақтармен Ордабасы ауданындағы ең ірі жылыжай болып табылатын «Адельде» іскерлік кездесу өткізді.
Аталған кездесуде Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев екі жақты тиімді серіктестік орнатуға және облыс әкімдігі тарапынан тиісті шараларды қолға алуға дайын екенін жеткізді. Ол аймақта экологиялық таза өнімдерді көп мөлшерде жеткізуге мүмкіндіктің мол екенін айтты.
Сондай-ақ, қос тарап көкөністердің сапасы мен өнім түрін сақтай отырып, кепілдендірілген көлемді үздіксіз жеткізуді қамтамасыз ету мақсатында ақпарат алмасып отыруға уағдаласты.