САЯСАТ
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай жұмысының негізгі бағыттарын атап, заңнаманы жаңарту, цифрландыру және әлеуметтік мәселелерді шешуге басымдық берілетінін айтты, деп хабарлайды Bugin.kz.
Авторларды қолдау орталығы
mediabugin@gmail.com
Фото: Ашық дереккөз
Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтайдың алдында тұрған негізгі міндеттерге тоқталды. Мемлекет басшысының айтуынша, жаңа Парламентке атқарушы және сот билігін қалыптастыруға, республикалық бюджетті бақылауға және стратегиялық маңызы бар мәселелерді шешуге кең өкілеттік берілген.
Заңнаманы жаңа Конституцияға сәйкестендіру.
Қолданыстағы заңдарды жаңа Конституция нормаларына сәйкес қайта қарау қажет. Президент заңдардың сапасын арттыруға және олардың Конституция қағидаттарына сай болуына ерекше мән берді.
Жасанды интеллектіні заң шығару саласында пайдалану.
Заң жобаларының сапасын арттыру және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау кезінде жасанды интеллект мүмкіндіктерін кеңінен қолдану ұсынылды.
«E-Parliament» жүйесін енгізу.
Қазір әзірленіп жатқан «E-Parliament» ақпараттық жүйесін Құрылтайдың жұмыс тәртібіне бейімдеу жоспарланып отыр.
Цифрлық бағыттағы заңдарды қабылдау.
Құрылтай жасанды интеллектіні орта білім беру жүйесіне енгізу, цифрлық активтер индустриясын дамыту және Digital Qazaqstan стратегиясын іске асыруға қатысты заңдарды қарауы қажет.
«Алтын виза» тетігін енгізу.
Қазақстанға жоғары білікті мамандарды, заманауи технологиялар мен шетелдік инвестицияларды тартуға мүмкіндік беретін «Алтын виза» тетігінің заңнамалық негізін қалыптастыру көзделіп отыр.
Көші-қон саясатын жетілдіру.
Көші-қон саласындағы заңнаманы жаңартып, осы бағыттағы мемлекеттік саясатты жетілдіру міндеті қойылды.
Кітапхана және баспа ісін реттеу.
«Кітапхана және баспа ісі туралы» заңды қабылдау жоспарланған. Сонымен қатар «Шәмші Қалдаяқов» медалі мен «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» атағының заңнамалық негізі қалыптастырылады.
Ерекше қажеттілігі бар балаларды қолдау.
Мұндай балалардың білім алуына, медициналық көмекке және әлеуметтік қызметтерге қолжетімділігін арттыруға бағытталған қолдау жүйесін күшейту қажет.
Балалардың әлеуметтік желідегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерде аккаунт ашуына заңмен тыйым салу мәселесі қаралады. Президент Үкіметтің бұл ұсынысын қолдайтынын айтты.
Энергетикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету.
Баламалы энергетиканы дамытуға және елдің энергетикалық қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған заңдарды қабылдау жұмысын жеделдету көзделіп отыр.
Онлайн-платформалар мен масс-медиадағы азаматтардың құқықтарын қорғау.
Ақпараттық кеңістікте азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау тетіктерін күшейту жоспарлануда.
Президент Құрылтай қоғамдағы өзекті мәселелерге дер кезінде жауап беретін жалпыұлттық диалог алаңына айналуы қажет екенін атап өтті.
Мемлекеттік сатып алу бойынша
8 705 324 11 61