ҚОҒАМ

21 жастағы қыздың денесі ерлер дәретханасынан табылды: Алматы облысында тергеу жүріп жатыр

Алматы облысының Ұзынағаш ауылында 21 жастағы Диана Сансызбайдың денесі дүкен маңындағы ерлер дәретханасынан табылды. Марқұмның туыстары оқиғаның мән-жайына күмән келтіріп, қыздың өліміне қатысты толық әрі жан-жақты тергеу жүргізілуін талап етіп отыр, деп хабарлайды Bugin.kz.

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Ашық дереккөз

Қайғылы оқиға 29 маусымда Ұзынағаш ауылында болған. 21 жастағы Диана Сансызбайдың денесі дүкеннің жанындағы ерлер дәретханасынан табылған.

Марқұмның анасы қызының денесін тапқан кездегі жағдайды айтып, бірқатар күмәнді жайттарға назар аударған. Оның айтуынша, қыздың үстінде іш киімі ғана болған. Шашы ұйпа-тұйпа болып, денесінде бірнеше көгерген із байқалған. Сондай-ақ мойны бір жағына қисайып, жауырыны мен арқасында дөңгелек пішінді көкшіл іздер болғанын жеткізді.

Анасының сөзінше, қызының бір қолында және белінен төменгі бөлігінде де көгерген жерлер болған. Бұдан бөлек, оның мойнындағы алқасы мен 100 мың теңгесі жоғалған. Ал сөмкесі мен ұялы телефоны басқа жерден табылған.

Оқиғаға қатысты тағы бір жайт марқұмның жақындарының күдігін күшейткен. Анасының айтуынша, сол түні дәретханаға барған қыздардың бірі маңайда бірнеше жігіттің дауыстап сөйлесіп, күліп отырғанын айтқан. Осыған байланысты отбасы оқиға кезінде ол жерде басқа адамдар болуы мүмкін деп есептейді.

Құқық қорғау органдары бұл факті бойынша «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған.

Алайда марқұмның анасы қызының өзіне қол жұмсағанына сенбейтінін айтып отыр. Ол тергеу барысында денедегі жарақаттар мен оқиғаға қатысты өзге де күмәнді тұстар толық тексерілуі қажет екенін алға тартты.

Қазіргі уақытта іс бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Оқиғаның нақты себептері мен қыздың өліміне қандай жағдайлар себеп болғанын тергеу нәтижесі анықтайды.
 

Мемлекеттік сатып алу бойынша

8 705 324 11 61