БІЛІМ
Білім күні Түркістан облысында 9 жаңа мектеп пен бірқатар қосымша ғимарат оқушылар игілігіне берілді. Солардың бірі Қазығұрт ауданындағы Шарбұлақ ауылында ашылды, деп хабарлайды Bugin.kz.
Авторларды қолдау орталығы
mediabugin@gmail.com
Фото: Түркістан облысы
Түркістан облысында жаңа оқу жылы қарсаңында білім беру инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жалғасып жатыр. Білім күні өңірде 9 жаңа мектеп пен қосымша ғимараттар пайдалануға берілді.
Қазығұрт ауданындағы Шарбұлақ ауылында 300 оқушыға арналған жаңа мектеп ғимараты ашылды. Салтанатты шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, ауыл тұрғындары мен ұстаздарды Білім күнімен құттықтады.
Өңір басшысы Мемлекет басшысының балалардың сапалы білім алуына және қауіпсіз оқу ортасын қалыптастыруға басымдық беру жөніндегі тапсырмаларын атап өтті. Оның айтуынша, жаңа мектептің салынуы ауыл тұрғындарының білім беру нысанына қатысты мәселесін шешуге мүмкіндік берді.
Жаңа мектептің құрылысына 1,9 млрд теңге жұмсалған. Үш қабатты ғимаратта оқу кабинеттерінен бөлек, асхана, кітапхана, спорт залы, шеберхана және медициналық кабинет қарастырылған. Кітапханадағы оқу залы 30 орынға есептелген.
Ғимарат толық инженерлік инфрақұрылыммен қамтылған. Мектеп электр, жылу және су жүйелеріне қосылып, кәріз жүйесі жүргізілген. Жер телімінің көлемі 7 125 шаршы метрді, ал ғимараттың жалпы аумағы 4 353 шаршы метрді құрайды. Құрылыс жұмыстары 2026 жылғы тамызда аяқталған.
Мектептің ашылуынан кейін облыс әкімі ғимаратты аралап, оқу кабинеттері мен басқа да нысандардың жағдайымен танысты. Шарбұлақ ауылының оқушылары жаңа оқу жылын заманауи мектепте бастады.
Түркістан облысында білім беру саласының ауқымы ел бойынша ең ірі өңірлердің бірі саналады. Қазір облыста 1106 мектепте 550 мыңнан астам оқушы білім алып жатыр. Сонымен қатар өңірде 1441 мектепке дейінгі ұйым, 43 колледж және ондаған қосымша, арнайы білім беру мекемесі жұмыс істейді.
Білім беру инфрақұрылымын жаңарту мақсатында 2024–2025 жылдары облыста 29 «Келешек мектебі» пайдалануға берілді. Облыстық бюджет есебінен тағы 13 білім беру нысаны салынуда немесе қолданысқа енгізіліп жатыр.
Мектептерді жаңарту жұмыстары да қатар жүргізілуде. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, күрделі жөндеу мен жаңғыртуды қажет ететін 115 мектепке реновация жүргізіледі. Оның 41-і 2025 жылы, 38-і 2026 жылы, қалған 36 мектеп 2027 жылы жаңғыртылуы жоспарланған.
Мемлекеттік сатып алу бойынша
8 705 324 11 61