Bugin

Бақыт Бакетаев: Орталық Азиядағы қауіпсіздік мәселелері бейбіт жолмен шешілуі керек

Саясаттанушы Бақыт Бакетаев Орталық Азиядағы қауіпсіздікке төнетін қатерлер, су мәселесі және Қытай–Қырғызстан–Өзбекстан теміржолы туралы пікір білдірді. Сарапшы аймақтағы даулы мәселелер өзара тиімді келісімдер арқылы шешілуі тиіс екенін атап өтті. Бұл туралы саясаттанушы Бақыт Бакетаев Berkinbayev_podcast-та мәлімдеді, деп хабарлайды Bugin.kz.

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Вечерний Бишкек

Орталық Азиядағы қауіпсіздікке қатысты қазіргі таңда Ауғанстандағы жағдай, терроризм, киберқауіптер, трансшекаралық қылмыс және геосаяси қысым сияқты мәселелер өзекті болып отыр. Бұл бағытта Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) мүмкіндіктері де маңызды.

Саясаттанушы Бақыт Бакетаевтың пікірінше, аймақтағы күрделі мәселелерді шешуде елдердің тарихи тәжірибесі мен өзара ынтымақтастығы негізге алынуы қажет. Оның айтуынша, су ресурстары секілді мәселелер де бейбіт әрі экономикалық тұрғыдан тиімді жолмен шешілуі мүмкін.

Сарапшы бұл үдерісте Қытайдың ШЫҰ аясындағы ықпалына да тоқталды. Оның пікірінше, ұйымға мүше мемлекеттер арасындағы мәселелер өзара тиімділік қағидаты арқылы реттелуі керек. Мемлекет басшыларының ұстанымы аймақтағы елдердің бір-біріне қарсы тұруына жол бермеуге бағытталғаны маңызды.

Бақыт Бакетаев Қытай–Қырғызстан–Өзбекстан теміржолының Орталық Азиядағы экономикалық және логистикалық байланыстарға ықпалына да баға берді.

«Қазақстанды бұл көлік бағытынан айналып өту мүмкін емес», – деді сарапшы.

Оның сөзінше, жаңа теміржол бағыты алдағы уақытта Каспий теңізіне, Қазақстан аумағы арқылы шығатын көлік дәліздерімен байланысуы ықтимал. Сондықтан өңір елдерін байланыстыратын барлық көлік бағыттарының жылдам әрі экономикалық тұрғыдан тиімді болуы маңызды.

Сарапшы посткеңестік кезеңнен қалған бірқатар мәселелер уақыт өте келе бизнес пен экономикалық байланыстардың дамуы арқылы шешімін табады деп есептейді.

Бакетаев ШЫҰ-ның даму қарқыны бірден жоғары болмағанымен, ұйымның 25 жыл ішінде іргелі халықаралық институтқа айналғанын атап өтті. Оның пікірінше, қазіргі таңда ШЫҰ аясындағы мемлекеттер арасындағы экономикалық байланыстар нығайып, ұйым әлемдік деңгейдегі ірі экономикалық кеңістіктің бір бөлігіне айналып келеді.

Мемлекеттік сатып алу бойынша

8 705 324 11 61