САЯСАТ
БҰҰ Бас Ассамблеясы Қазақстан ұсынған «Халықаралық планетаны көгалдандыру күні» туралы резолюцияны қабылдады. Құжатқа сәйкес, жыл сайын 22 сәуір Халықаралық планетаны көгалдандыру күні ретінде аталып өтеді. Бул туралы Bugin.kz Gov.kzke сілтеме жасап хабарлайды.
Авторларды қолдау орталығы
mediabugin@gmail.com
Фото: gov.kz
Нью-Йорк, 31 тамыз 2026 жыл. Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының шешімімен Қазақстан Республикасының бастамасы халықаралық деңгейде қолдау тапты. Бас Ассамблея «Халықаралық планетаны көгалдандыру күні» атты резолюцияны қабылдап, 22 сәуірді аталған халықаралық күн ретінде белгіледі.
Бұл бастаманы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясы аясындағы жалпы пікірталас барысында 2025 жылғы қыркүйекте ұсынған болатын.
Резолюцияны әзірлеу мен қабылдауға әлемнің түрлі өңірлерін білдіретін 32 мемлекет авторлас ретінде қосылды. Бұл қоршаған ортаны қорғау, табиғи экожүйелерді қалпына келтіру және планетаны көгалдандыру мәселелерінің халықаралық қоғамдастық үшін өзекті екенін көрсетеді.
Жаңа халықаралық күннің негізгі мақсаты – табиғи аумақтарды көгалдандыру мен экожүйелерді қалпына келтірудің маңыздылығы туралы жаһандық хабардарлықты арттыру. Құжат мемлекеттерді, БҰҰ жүйесін, халықаралық және өңірлік ұйымдарды, азаматтық қоғам өкілдерін және басқа да мүдделі тараптарды осы бағытта түрлі іс-шаралар мен бастамаларды жүзеге асыруға ынталандырады.
Халықаралық бастама Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясының мақсаттарымен де үндеседі. Аталған акция қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыруға, елді мекендерді абаттандыруға, аумақтарды тазарту мен көгалдандыруға және қоғамның экологиялық мәдениетін арттыруға бағытталған.
Қазақстанның бұл бастамасы елдің жаһандық экологиялық күн тәртібін ілгерілетуге қосып отырған үлесін толықтыра түседі. Резолюция қоршаған ортаны сақтау, экожүйелерді қалпына келтіру және жасыл аумақтарды кеңейту бағытындағы халықаралық ынтымақтастықты күшейтуге мүмкіндік береді.
БҰҰ деңгейінде жаңа халықаралық күннің белгіленуі Қазақстан Президенті ұсынған халықаралық бастамалардың тағы бірінің нақты нәтижеге айналғанын көрсетеді. Бұл ретте Қазақстан тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу және қоршаған ортаны келешек ұрпақ үшін сақтау жолындағы көпжақты ынтымақтастықты нығайтуға басымдық беріп отыр.
Мемлекеттік сатып алу бойынша
8 705 324 11 61