ҚОҒАМ

Қазақстандықтар әлеуметтік инфрақұрылымның қолжетімділігін жоғары бағалады

Қазақстан тұрғындары өңірлердегі әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының қолжетімділігіне жоғары баға берді. Әсіресе мектептер, балабақшалар, спорт және мәдениет нысандары оң бағаланған, деп хабарлайды Bugin.kz.

 

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Жасанды интеллект

Қазақстанда әлеуметтік инфрақұрылымның халыққа қолжетімділігі жоғары деңгейде қалып отыр. Бұл туралы Қазақстанның қоғамдық даму институты жүргізген социологиялық зерттеу нәтижесінде белгілі болды.

Зерттеу барысында тұрғындар өз өңірлеріндегі инфрақұрылым мен қызметтердің 17 негізгі бағытын бағалаған. 2026 жылдың III тоқсанында әртүрлі инфрақұрылым нысандарына қанағаттану деңгейі 57,8%-дан 78,2%-ға дейін жеткен.

Ең жоғары көрсеткіш білім беру және балалардың дамуына тікелей қатысты нысандар бойынша тіркелді. Атап айтқанда, тұрғындардың 78,2%-ы мектептердің, 73,3%-ы балабақшалардың қолжетімділігіне қанағаттанған.

Сонымен қатар спорт кешендері мен нысандарының қолжетімділігін 71,6%, ал мәдениет мекемелерін 71,1% тұрғын оң бағалаған.

Зерттеу нәтижесінде абаттандыру бағыттары бойынша да салыстырмалы түрде жоғары көрсеткіштер байқалды. Сауалнамаға қатысқандардың 67,8%-ы серуендеу және демалу орындарының болуына, 67,3%-ы көгалдандыру деңгейіне, 63,8%-ы көшелер мен аулалардың тазалығына қанағаттанатынын айтқан.

Балалардың дамуына жасалған мүмкіндіктерді тұрғындардың 66,2%-ы, ауызсудың сапасын 64,4%-ы, мемлекеттік органдардан ақпарат алу мүмкіндігін 64,6%-ы оң бағалаған.

Жолдардың сапасына қатысты көрсеткіш те жақсарған. Бір жыл ішінде жолдарға қанағаттану деңгейі I тоқсандағы 50%-дан III тоқсанда 57,8%-ға дейін өскен. Осылайша, жол сапасы бойынша оң динамика байқалады.

Жалпы, зерттеу нәтижелері қазақстандықтардың әлеуметтік инфрақұрылымның негізгі нысандарына қанағаттану деңгейі жоғары екенін көрсетті. Сонымен қатар цифрлық және көлік инфрақұрылымын одан әрі дамыту қажеттілігі атап өтілді.

Зерттеуді Қазақстанның қоғамдық даму институты жүргізген. III тоқсандағы сауалнамаға 18 жастан асқан 2 400 респондент қатысты. Зерттеу Астана, Алматы және Шымкент қалаларында, 17 облыс орталығында және ауылдық елді мекендерде өткізілді. Сауалнама 2026 жылғы 1-16 тамыз аралығында жеке сұхбат әдісімен жүргізілген.

Мемлекеттік сатып алу бойынша

8 705 324 11 61