ДАМУ

Қазақстан мен Оңтүстік Корея ғарыш саласындағы бірлескен жобаларды талқылады

Қазақстан мен Корея ғарыш саласындағы бірлескен жобаларды талқылады. Спутник өндірісі мен технологияларды дамытуға басымдық берілді, деп хабарлайды Bugin.kz.

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Ukimet

Қазақстан мен Оңтүстік Корея ғарыш саласындағы әріптестікті жаңа деңгейге шығаруды көздеп отыр. Сеулге барған ҚР Премьер-министрінің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мадиев Оңтүстік Кореяның ғарыш технологиялары бағытындағы жетекші компанияларының бірі CONTEC Space Group компаниясының құрастыру-сынау кешенінде болды.

Сапар барысында министр компанияның басқарма төрағасы Ли Сонхимен кездесіп, екі ел арасындағы технологиялық және инвестициялық жобаларды талқылады.

Кездесуде CONTEC-тің Қазақстандағы «Ғалам» жобасына инвестиция салу мүмкіндігі, спутниктер мен олардың құрамдас бөлшектерін бірлесіп өндіру, сондай-ақ жерүсті стансалары желісін кеңейту мәселелері көтерілді.

Тараптар Қазақстан аумағында спутник компоненттерін өндіретін арнайы өндірістік хаб құру мүмкіндігін де қарастырып отыр. Өндірілген өнімдерді кейін Орталық Азия, Таяу Шығыс және Еуропа елдерінің нарықтарына шығару жоспарлануда. Бұдан бөлек, ірі жерүсті антенна жүйелерін Қазақстанда өндіруді жолға қою мәселесі талқыланды.

Ынтымақтастықтың тағы бір бағыты – жасанды интеллект арқылы спутниктік суреттерді өңдеу және талдау технологияларын дамыту. Бұл шешімдер Жерді қашықтан зондтау деректерін тиімді пайдалануға және оларды ауыл шаруашылығы, экология, қала құрылысы мен басқа да салалардағы практикалық міндеттерді шешуге қолдануға мүмкіндік береді.

CONTEC Space Group құрамына CONTEC, Asia Pacific Satellite Corporation және Texas Space Communication компаниялары кіреді. Компаниялар тобы Оңтүстік Кореяның мемлекеттік спутниктеріне арналған борттық компьютерлерді жеткізумен қатар, әлемнің бірнеше елінде жерүсті стансаларын басқарады. Қазіргі таңда топтың Чили, АҚШ, Оңтүстік Африка Республикасы және Австралияны қоса алғанда, түрлі елдерде 17 жерүсті стансасы бар.

Кездесу қорытындысында Қазақстанда CONTEC-тің еншілес компаниясын ашу мәселесін қарастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Серіктестіктің нақты бағыттары мен шарттары алдағы келіссөздер барысында нақтыланады.

Жоспарланып отырған жобалар Қазақстанның ғарыш техникасын шығару саласындағы өндірістік әлеуетін арттыруға, спутниктік деректерді өңдеу бойынша жаңа құзыреттер қалыптастыруға және отандық компаниялардың халықаралық нарыққа шығуына мүмкіндік бермек.

Қазақстан мен Корея арасындағы бұл ынтымақтастық екі елдің ғарыш индустриясындағы тәжірибе алмасуын күшейтіп, жоғары технологиялық өндірістерді дамытуға жол ашуы мүмкін.

Мемлекеттік сатып алу бойынша

8 705 324 11 61