ДАМУ

Қазақстан ДСҰ-ның қызметтерді ішкі реттеу қағидаларына қосылады

Мәжіліс Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымының қызметтерді ішкі реттеу жөніндегі қағидаларына қосылуын көздейтін заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Bugin.kz.

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Жасанды интеллект

Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымының (ДСҰ) қызметтерді ішкі реттеу жөніндегі қағидаларына қосылуға дайындалып жатыр. Бұл туралы Мәжілістің отырысында белгілі болды.

Депутаттар «1994 жылғы 15 сәуірдегі Дүниежүзілік сауда ұйымын құру туралы Марракеш келісіміне Қазақстан Республикасының қосылуы туралы хаттамаға қосымша болып табылатын Көрсетілетін қызметтер бойынша Қазақстан Республикасының ерекше міндеттемелерінің тізбесіне өзгерістерді ратификациялау туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Қазақстан ДСҰ-ға 2015 жылы қосылған. Сол кезде елдің тауарлар мен қызметтер нарығына қол жеткізу жөніндегі міндеттемелерін қамтитын 18 қосымша бекітілген. Оның ішінде қызметтер бойынша ерекше міндеттемелер тізбесі де бар. Енді осы құжатқа өзгерістер енгізу арқылы Қазақстан қызметтерді ішкі реттеу жөніндегі халықаралық қағидаларды қабылдайды.

Жаңа талаптар қызмет көрсету саласындағы реттеуші рәсімдердің ашықтығын арттыруға бағытталған. Қағидалар лицензиялау шарттары мен рәсімдерін, кәсіби біліктілікке қойылатын талаптарды және қызмет көрсету саласындағы стандарттарды қамтиды.

ДСҰ қағидаларына қосылу Қазақстандағы қызметтер нарығындағы реттеу жүйесінің халықаралық талаптарға сәйкестігін нығайтады. Бұл шетелдік инвесторлар үшін нарықтағы жұмыс жағдайларын неғұрлым түсінікті әрі болжамды етуге мүмкіндік береді.

Құжаттың қабылдануы қызмет көрсету саласындағы сауданы ашық әрі әділ реттеуге, әкімшілік рәсімдерді жеңілдетуге және реттеуші талаптардың түсініктілігін арттыруға бағытталған. Сонымен бірге отандық және шетелдік қызмет көрсетушілер үшін бірізді жағдай қалыптастыру көзделіп отыр.


Қызметтерді ішкі реттеу жөніндегі қағидалар ДСҰ-ға мүше 60 елдің қатысуымен әзірленді. Қазақстан бұл жұмысқа келіссөздер кезеңінен бастап белсенді қатысты. Қызметтерді ішкі реттеу жөніндегі келіссөздерді аяқтау туралы декларация 2021 жылғы 2 желтоқсанда Женевада қабылданды. Қазіргі таңда аталған қағидаларға 72 ел қосылған.

Мемлекеттік сатып алу бойынша

8 705 324 11 61