ҚОҒАМ

Нұрсұлтан Жақсыген не үшін сотталды: сот ісіне қатысты толық ақпарат

Актер әрі блогер Нұрсұлтан Жақсыген бұрынғы азаматтық жұбайы туралы әлеуметтік желіде көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін 2 жыл 3 айға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Bugin.kz.

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Ашық дереккөз

Алматы облысының Қарасай аудандық соты актер әрі блогер Нұрсұлтан Жақсыгенге қатысты қылмыстық іс бойынша үкім шығарды. Сот оны онлайн-платформаларды пайдаланып, көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін кінәлі деп таныды.

Іс Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 274-бабы 2-бөлігінің 3-тармағы бойынша қаралған. Бұл норма масс-медиа, телекоммуникация желілері және онлайн-платформалар арқылы көрінеу жалған ақпарат таратуға қатысты жауапкершілікті көздейді.

Сот материалдарына сәйкес, Нұрсұлтан Жақсыген мен Фариза Сабырәлиева азаматтық некеде тұрған. Олардың екі кәмелетке толмаған ортақ баласы бар. 2024 жылғы 14 сәуірден бастап олар бірге тұрмаған.

Соттың мәліметінше, Жақсыген бұрынғы жұбайы туралы әлеуметтік желілерде оның ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін көрінеу жалған мәліметтер таратқан. Жәбірленуші өзіне қатысты қорлайтын және шындыққа жанаспайтын ақпарат жарияланғанын мәлімдеген.

Іс барысында Нұрсұлтан Жақсыген тағылған айыппен келіспеген. Ол әлеуметтік желідегі кейбір жазбаларды өзі жарияламағанын, оның атынан жалған аккаунттар ашылып, түрлі хабарламалар жазылғанын айтқан. Қорғау тарапы бұл мәселеге қатысты сараптама жүргізуді сұрағанымен, сот үкімімен келіспейтінін мәлімдеді. Адвокат Тілеужан Кішкенебаев апелляциялық шағым берілетінін айтты.

Сот Жақсыгенді кінәлі деп танып, оған 2 жыл 3 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Ол жазасын орташа қауіпсіздік деңгейіндегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейді.

Сот актерді бес жыл мерзімге бұқаралық ақпарат құралдарында, онлайн-платформаларда, әлеуметтік желілерде және басқа да телекоммуникация желілерінде көпшілікке арналған ақпаратты дайындау және таратуға байланысты журналистік, блогерлік және өзге де жария ақпараттық қызметпен айналысу құқығынан айырды.

Сот жәбірленушінің азаматтық талабын да ішінара қанағаттандырды. Нұрсұлтан Жақсыгеннен Фариза Сабырәлиеваның пайдасына моральдық зиян ретінде 5 миллион теңге өндірілетін болды.

Үкім жарияланғаннан кейін актер сот залында қамауға алынды. Қазіргі таңда сот шешімі заңды күшіне енген жоқ. Қорғау тарапы апелляциялық шағым беруге ниетті.

Мемлекеттік сатып алу бойынша

8 705 324 11 61