ДЕНСАУЛЫҚ
Қазақстанда үйге шақырылған медициналық көмекті учаскелік дәрігер немесе мобильді бригада көрсете алады. Ал шақыртудың шұғылдығына қарай медициналық қызметкердің келу уақыты өзгереді, деп хабарлайды Bugin.kz.
Авторларды қолдау орталығы
mediabugin@gmail.com
Фото: Ашық дереккөз
Ауырып қалған кезде емханаға өз бетімен бара алмайтын азаматтар үйге медициналық қызметкер шақыра алады. Үйге шақырту, әдетте, науқастың жағдайына байланысты бағаланады. Мысалы, дене қызуының көтерілуі, қан қысымының айқын бұзылуы және басқа да белгілер болған жағдайда учаскелік дәрігерді үйге шақыруға болады.
Үйге шақырту кезінде міндетті түрде дәрігер ғана келеді деу дұрыс емес. Науқастың жағдайын бағалауға учаскелік дәрігер, мейіргер немесе фельдшер қатысуы мүмкін. Егер адамның өміріне қауіп бар деп бағаланса, жедел жәрдем бригадасы шақырылады.
2025 жылғы өзгерістерден кейін өмірге тікелей қауіп төндірмейтін 4-санаттағы шақыртулар жұмыс уақытында емханалар жанындағы мобильді бригадаларға беріледі. Олар сағат 08:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істейді және шақырту бойынша 60 минутқа дейін келуі тиіс.
Ал шұғыл жағдайларда жедел жәрдемнің келу нормативі шақыртудың санатына байланысты белгіленеді: 1-санатқа – 10 минутқа дейін, 2-санатқа – 15 минутқа дейін, 3-санатқа – 30 минутқа дейін, 4-санатқа – 60 минутқа дейін.
Жеделдіктің 4-санатындағы шақыртулар жұмыс уақытынан тыс кезде жедел жәрдем қызметіне беріледі. Демек, мұндай шақырту міндетті түрде келесі күнге қалдырылмайды.
Үйге дәрігер шақыру қызметі тегін көрсетіледі. Оған емханаға тікелей немесе телефон арқылы жүгінуге болады.
Егер адамның жағдайы күрт нашарлап, өміріне қауіп төнсе, жоспарлы үйге шақыртуды күтпей, 103 нөміріне жедел жәрдем шақыру қажет.
Мемлекеттік сатып алу бойынша
8 705 324 11 61