САЯСАТ

Қайтарылған жер ауыл тұрғындарына қалай беріледі?

Қайтарылған ауыл шаруашылығы жерлері конкурс арқылы бөлінеді. Бұл туралы ҚР АШМ Жер ресурстарын басқару комитеті төрағасының орынбасары Марат Қаженов мәлімдеді, деп хабарлайды Bugin.kz.

 

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: ОКҚ

Мемлекетке қайтарылып жатқан ауыл шаруашылығы жерлеріне ауыл тұрғындарының қолжетімділігі мәселесі әлі де өзекті. Әсіресе жерге мұқтаж жас фермерлер мен мал шаруашылығымен айналысатын азаматтар үшін қайтарылған алқаптардың қалай бөлінетіні маңызды.

Бұл мәселе Орталық коммуникациялар қызметінде өткен «Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді қайтару және қайта бөлу» тақырыбындағы баспасөз конференциясында көтерілді.

Сұраққа ҚР АШМ Жер ресурстарын басқару комитеті төрағасының орынбасары Марат Қаженов жауап берді.

Оның айтуынша, мемлекетке қайтарылған жерлер бірден азаматтарға берілмейді. Қолданыстағы Жер кодексіне сәйкес, жер учаскелерін рәсімдеу конкурс негізінде жүзеге асырылады.

«Қайтарылған жерлер аз емес. Сонымен қатар қайтарылған жерлерді жеке-жеке заңдық рәсімдеу тәртібі бар. Қазіргі Жер кодексінің нормаларына сәйкес, ол конкурс негізінде жүзеге асырылады», – деді Марат Қаженов.

2022 жылдан бері пайдаланылмаған немесе заң талаптарын бұза отырып берілген 15,6 млн гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылған. Оның ішінде биыл 1,2 млн гектар жерді қайтару жоспары толық орындалған.

Қайтарылған жерлерді қайта бөлу бойынша да жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бүгінгі таңда қайта бөлінген жерлердің жалпы көлемі 13,5 млн гектарды құрайды. Оның 5,5 млн гектары мал жаю үшін жергілікті халықтың ортақ пайдалануына берілсе, 8 млн гектары ауыл шаруашылығы өндірісі субъектілеріне конкурстық негізде берілген.

Сонымен қатар жер беру процесін электрондық форматқа көшіру жоспарланып отыр. Яғни конкурс барысында жеңімпазды комиссия мүшелері емес, бекітілген критерийлер негізінде электрондық жүйе автоматты түрде анықтайды.

Электрондық конкурстарды өткізу тәртібін реттейтін жаңа нормалар 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді. Оған дейін жаңа жүйенің жұмысын тексеру үшін Ақмола және Жетісу облыстарында пилоттық жоба өткізу жоспарланып отыр.

Қаженовтің сөзінше, мұндай тәсіл жер бөлу кезінде адами факторды азайтуға бағытталған. Сонымен қатар қайтарылған жерлерді қайта бөлу барысында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді тиімді пайдалану мәселесі де назарда болады.

Жерді мемлекетке қайтарумен қатар, оны ауыл шаруашылығы айналымына енгізу мәселесіне де басымдық беріліп отыр. Ресми мәлімет бойынша, қабылданған шаралардың нәтижесінде жайылым тапшылығы 2023 жылғы 8,4 млн гектардан 2,4 млн гектарға дейін төмендеген.

Осылайша, жерге мұқтаж ауыл тұрғындары, жас фермерлер мен мал шаруашылығымен айналысатын азаматтар қайтарылған жерлерді конкурс арқылы ала алады. Алайда нақты жер учаскесіне ие болу үшін заңнамада белгіленген талаптарға сай келіп, электрондық конкурсқа қатысу қажет.

Мемлекеттік сатып алу бойынша

8 705 324 11 61