Weekend
Болған оқиға
Авторларды қолдау орталығы
mediabugin@gmail.comКеудеден жан ұшады дегенге сенесіз бе? Мен сенемін. Өйткені, мұндай жағдай дәл өз басымнан өткен еді.
Ол кезде мен 1-2 сыныпта оқитынмын. 8-9 жастағы бала едім. Қатты суық тиіп ауырдым. Шешем байғұс өз ем-домын жасады. Дәл сол күні үйлері бір 30-40 метр жерде орналасқан көршіміз соғым басын берген еді. Желтоқсан айының басы. Әкем және үлкен апам сол үйге кеткен. Шешем мен жөтеле берген соң мұның кеудесіне, қолқасына суық тиген деп жұқа дәкені араққа малып, сығып, алқымыма, кеудеме жапқан ғой. Өзім қызуым көтеріліп жатқан мен одан бетер қызуым жоғарылап, жүрегім тоқтап қалған болуы керек. Көзімнің ағы молайып, қан тамырымның соғуы білінбеген соң, шешем қорқып кетіп көрші үйге тұра жүгірген.
Ал енді көзім алайып, жүрек соғысым білінбей жатқан мен шешемнің көрші үйге қалай жүгіріп барғанын, аласұрып жетіп, оларға не дегенін, сау адамдай, сол шешеммен бірге жүгіріп барғандай, естіп-біліп, сезіп жаттым.
Байғұс анам ентігіп жетіп, соғым басында отырған ағайындарға, әкем мен апама "Ойбай, бала кетіп қалды, ойбай!" – деді.
Әрине, барлығы өре түрегеліп, біздің үй жаққа ұмтылды. Дала қараңғы. Бірінің артынан бірі жүгірген көрші ағайындар, сүріне-қабына жетіп келді. Марқұм Шәйтай апамыздың кебісі шешіліп кетіп, соған шалынысып құлағанын да көріп келемін. Сөйтіп, үрмек-дүрмек жұрт үйге жетіп мені көріп жатыр. Ауылда ол кезде дәрігер де жоқ. Үйдегілер "Ойбай, Керімбай, молданы шақыр, дем салсын!" – деп жатыр.
Әкем шауып Керімбай молдаға кетті. Керімбай молда жарықтық аят, дұғаларын оқып, үшкіріп, суық су бүркіп, кеудемді ысқылады. Сонда барып мен көзімді ашып, жүрегім қайта соға бастаса керек. Есімдегісі, жан-жағымда маған қарап, үймелеген адамдар.
Қош, содан көп ұзамай мен сауығып, ойнап кеттім. Бірақ көп жылдар өтсе де, сол бала күнгі басымнан өткен жағдай, елес әлі көз алдымда. Содан бері мен кеудеден адам өлгенде жан ұшатынына, аят-дұғаның құдіретіне, о дүниелік өмірдің бар екеніне де сенетін болдым.
Мемлекеттік сатып алу бойынша
8 705 324 11 61