САЯСАТ

Қазақстанда астық жинау науқаны 83%-ға аяқталды

Қазақстанда биылғы астық жинау науқаны былтырғы жылмен салыстырғанда қарқынды жүріп жатыр. Қазіргі таңда ел бойынша 13,5 млн гектар астық алқабы жиналып, бұл жалпы егіс көлемінің 83%-ын құрады, деп хабарлайды Bugin.kz.

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Ukimet

Бұл туралы Үкімет отырысында ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов мәлімдеді.

Қазақстандағы жалпы егін жинау алаңы 24,2 млн гектарды құрайды. Оның 15,6 млн гектардан астамы дәнді және дәнді-бұршақты дақылдарға тиесілі. Жиналған астықтың орташа өнімділігі гектарына 14,7 центнерді құрап, осы кезеңде 19,9 млн тонна астық бастырылды.

Вице-министрдің айтуынша, биыл дәнді дақылдардың жалпы көлемі орташа көпжылдық көрсеткіштерден жоғары болады деп күтілуде. Бұл ішкі нарықты астық, жем-шөп және тұқыммен қамтамасыз етуге, сондай-ақ экспорт көлемін сақтауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, соңғы жылдары егіс құрылымында өзгерістер байқалады. Бидай алқаптарының қысқаруына байланысты дәнді дақылдардың үлесі 72%-дан 66%-ға төмендеген. Ал майлы дақылдардың үлесі 13%-дан 18%-ға дейін өсті. 2024 жылдан бері олардың егіс көлемі 2,2 млн гектарға ұлғайып, 5,2 млн гектарға жетті.

АШМ мәліметінше, бүгінде 2,4 млн гектардан майлы дақылдар жиналып, 2,4 млн тонна өнім бастырылды. Егін жинау науқаны аяқталған соң 5 млн тоннадан астам майлы дақыл алу жоспарланып отыр.

Бұдан бөлек, елімізде 2,9 млн тонна көкөніс, 2,3 млн тонна бақша өнімі және 2,5 млн тонна картоп жиналды. Мақта өнімділігі гектарына 32 центнерді құрап, 70,5 мың тонна шикізат алынған.

Өңірлер арасында Батыс Қазақстан облысында астық жинау толығымен аяқталды. Ал Шығыс Қазақстан, Павлодар, Жамбыл және Қарағанды облыстарында егістік алқаптарының 95%-дан астамы жиналды.

Мемлекеттік сатып алу бойынша

8 705 324 11 61