САЯСАТ

Қасым-Жомарт Тоқаев БАӘ делегациясын қабылдады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Араб Әмірліктерінің делегациясымен кездесті. Тараптар инвестиция, көлік-логистика, жасанды интеллект және цифрландыру салаларындағы ынтымақтастықты талқылады, деп хабарлайды Bugin.kz.

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Aqorda

Кездесуге БАӘ-нің Энергетика және инфрақұрылым министрі Сухейль Әл-Мазруи және Абу-Даби әмірлігінің Денсаулық сақтау департаментінің төрағасы, G42 International компаниясының бас директоры Мансур Әл-Мансури қатысты.

Президент Қазақстан мен БАӘ арасындағы қарым-қатынастардың стратегиялық сипатқа ие екенін атап өтті. Екі ел арасындағы байланыстар достық, өзара сенім және өзара тиімді серіктестікке негізделген.

Инвестициялық ынтымақтастыққа да ерекше назар аударылды. БАӘ Қазақстандағы ең ірі шетелдік инвесторлардың ондығына кіреді. 2025 жылы Әмірліктерден Қазақстанға келген тікелей инвестиция көлемі 1,64 млрд долларға жетіп, бір жыл ішінде 3,5 есе артқан.

Кездесуде көлік-логистика саласындағы бірлескен жобалар талқыланды. Атап айтқанда, AD Ports Group компаниясымен ынтымақтастықты кеңейту, Каспий теңізіндегі порт инфрақұрылымы мен флотты дамыту және Орта дәліздің әлеуетін арттыру мәселелері қаралды.

Тараптар Трансауған дәлізін дамыту перспективаларына да тоқталды. Сонымен қатар теңіз, теміржол, автомобиль және әуе тасымалдары бағыттарында ұзақ мерзімді серіктестік орнату мүмкіндіктері талқыланды.

Кездесудің тағы бір маңызды тақырыбы – жасанды интеллект пен цифрландыру саласы. Қасым-Жомарт Тоқаев Presight AI компаниясымен бірлескен жобаларды атап өтті. Олардың қатарында суперкомпьютерлік инфрақұрылымды дамыту, Smart City жобаларын іске асыру және көлік қозғалысын бейнебақылаудың ұлттық жүйесін құру бар.

Сонымен қатар G42 компаниясының Екібастұзда «Деректер орталықтары алқабын» құру жобасына қатысу мүмкіндігі қарастырылды.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан мен БАӘ арасындағы инвестициялық, көлік-логистикалық және технологиялық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.

Мемлекеттік сатып алу бойынша

8 705 324 11 61