МӘДЕНИЕТ

Қазақстанда алғаш рет – әлемдегі ең ірі: Астанада AI-кино байқауының жеңімпаздары анықталды

Астанада алғашқы Astana AI Film Festival фестивалі аяқталды. Байқауға 125 елден 8 067 өтінім түсіп, жүлде қоры $2 млн болды, деп хабарлайды Bugin.kz.

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Казинформ

Астанада жасанды интеллект көмегімен түсірілген фильмдерге арналған Astana AI Film Festival халықаралық байқауы өтті. Өтінімдер саны бойынша фестиваль әлемдегі ең ірі халықаралық AI-кино байқауына айналды. Байқаудың финалына 25 жұмыс өтті.

Гран-при мен $450 мың сыйақыны Латвия өкілі Nikolay Shestak «The First Honest Day» фильмі үшін алды. Картинада адамның әрекеті оның сыртқы бейнесін өзгертеді: жаман істер оны ұсқынсыз етсе, жақсы әрекеттер керісінше жақсартады.

Екінші орын мен $200 мың Үндістан өкілі Abhik Banerjee-ге «SITARA» фильмі үшін берілді. Үшінші орын және $100 мың сыйақыны Испаниядан Ernest Desumbila «Looking For Perseida» картинасы үшін иеленді.

Қазақстандық автор Мырзахан Жумахан да жүлдегерлер қатарынан көрінді. Оның «It Was Just a Joke» комедиясы үздік кейіпкер номинациясында марапатталды. Фильм сюжетінде қарапайым әзіл ит пен оның иесінің ағасы арасындағы жанжалға ұласып, кейін үлкен қақтығысқа айналады.

Жеңімпаздарды халықаралық қазылар алқасы анықтады. Оның құрамында ЮНЕСКО-ның бұрынғы бас директоры Одри Азуле, Қытай киноиндустриясының өкілдері және инвестор Баладжи Сринивасан болды. Қазылар фильмдерді бағалау кезінде авторлық идея мен туындының тұтастығына басымдық берген.

Фестивальдің жалпы қоры $2 млн болды. Оның $1 миллионы жеңімпаздарға берілетін жүлделерге бөлінсе, тағы $1 млн перспективалы AI-командаларға инвестиция салуға және Қазақстандағы өндірісті дамытуға бағытталған.

Фестиваль 1-3 қазан аралығында Астанада өтті. Финалистердің жұмыстары үлкен экранда көрсетіліп, байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздар анықталды.

 

Мемлекеттік сатып алу бойынша

8 705 324 11 61