ДАМУ
2026 жылдың алғашқы алты айында Қазақстанның төлем балансының ағымдағы шоты 2,4 млрд доллар профицитпен қалыптасты. Бұл жалпы ішкі өнімнің 1,6%-ына тең, деп Ұлттық банк дерегіне сүйенген Ұлттық экономика министрлігі хабарлады.
Авторларды қолдау орталығы
mediabugin@gmail.com
Өткен жылдың осы кезеңінде ағымдағы шотта 3,6 млрд доллар тапшылық болған. Осылайша көрсеткіш 6 млрд долларға жақсарды. Негізгі үлес екінші тоқсанға тиесілі, онда профицит 3,2 млрд долларға жетті.
Ағымдағы шотқа тауарлар мен қызметтер саудасы, кірістер, соның ішінде шетелдік инвесторларға төлемдер, сондай-ақ елдер арасындағы ағымдағы трансферттер кіреді. Профицит бұл операциялар бойынша түсімдердің шетелге жасалған төлемдерден артық болғанын білдіреді.
Көрсеткіштің жақсаруына экспорттың импорттан жылдамырақ өсуі негізгі себеп болған. Ұлттық банктің мәліметінше, бірінші жартыжылдықта тауар экспортының импорттан асып түсуі 7,7 млрд доллардан 16,2 млрд долларға дейін, яғни екі еседен астам ұлғайған.
Ұлттық статистика бюросының дерегіне қарағанда, осы кезеңде инвестициялық тауарлардың импорты 10,6%-ға өсіп, 8,1 млрд долларға жеткен. Аралық тауарлар импорты 14%-ға артып, 15 млрд доллар болды. Ал тұтыну тауарларының импорты 10,5%-ға төмендеп, 8,3 млрд долларға дейін қысқарды.
Атап айтқанда, жеңіл автомобильдер импорты 21,9%-ға, дәрі-дәрмек 18,7%-ға, кондиционерлер 34,3%-ға азайды. Осы уақытта Қазақстанда көлік құралдары өндірісі 37,2%-ға өсіп, 88 886 бірлікке жетті.
Министрлікте ағымдағы шоттағы профицит елдің сыртқы шығындарын өз валюталық түсімдері есебінен жабуға мүмкіндік беретінін және экономиканың сыртқы қаржыландыруға тәуелділігін азайтатынын атап өтті.
Қазақстан ағымдағы шот бойынша соңғы жылдық профицитті 2022 жылы тіркеген — ол кезде көрсеткіш 6,4 млрд доллар болған. Одан кейінгі үш жылда ағымдағы шот теріс аймақта қалды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша тапшылық мұнай бағасының төмендеуі мен импорт көлемінің жоғары болуына байланысты 13,1 млрд долларға жеткен.
Мемлекеттік сатып алу бойынша
8 705 324 11 61