ҚОҒАМ
Лицензиясыз жұмыс істеген алты криптоплатформаға АХҚО аясында цифрлық активтер қызметін көрсетуге және оны жарнамалауға тыйым салынды. Шектеу олардың қосымшаларына Google Play мен App Store арқылы қол жеткізуге де қатысты.
Авторларды қолдау орталығы
mediabugin@gmail.com
АХҚО соты 2026 жылғы 15 қыркүйекте АХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу жөніндегі басқармасының (AFSA) талап-арызы бойынша BingX, Bitcoin.com, Huobi Global (HTX), BitMart, Coinbase және WEEX платформаларының операторларына қатысты шешім шығарды. Олар тиісті лицензиясыз орталық аумағында цифрлық активтерге байланысты қызмет көрсете де, жарнамалай да алмайды.
Сот шешімі бұл платформалардың мобильді қосымшаларын таратуға немесе АХҚО аясында қызмет көрсету үшін оларға қолжетімділікті қамтамасыз етуге тыйым салады. Google Play мен App Store дүкендері арқылы платформаларға кіруді географиялық тұрғыдан шектеу де қарастырылған. Алғашқы шешімде жетінші платформа — LBank те болған, бірақ оның операторы Қазақстандағы қызметтеріне қолжетімділікті өз еркімен шектеген соң, 18 қыркүйекте сот оны тізімнен алып тастады.
AFSA бас директоры Евгения Богданованың айтуынша, реттеуші 2025 жылы 20-дан астам платформаға АХҚО талаптарын түсіндіру үшін жазбаша ескерту жіберген. 2026 жылдың басында лицензиясыз қызметін жалғастырған платформаларға қарсы сотқа жүгінген. Тоғыз платформа Қазақстандағы қосымшаларына қолжетімділікті өз еркімен шектеп, соларға қатысты талаптар кері қайтарылған; тағы жетеуі лицензия алуға ниетті екенін мәлімдеген. Мамырдан бері AFSA заңсыз қызметті Қазақстан Ұлттық банкімен бірлесіп бақылап келеді.
Реттеуші лицензиясы жоқ платформалардың клиенттері AFSA қадағалауымен қамтылмайтынын ескертеді. Сондықтан активтерді сақтау, ақпаратты ашу, шағымдарды қарау және дауларды шешу жөніндегі лицензияланған компанияларға қойылатын талаптар беретін кепілдіктер оларға қолданылмайды. Компанияның цифрлық активтермен жұмыс істеуге рұқсаты бар-жоғын AFSA-ның ашық тізілімінен тексеруге болады.
Мемлекеттік сатып алу бойынша
8 705 324 11 61