ДАМУ

Банктер борышкер шотында кемінде 101 702 теңге қалдыруы керек

Мерзімі өткен несие берешегін төлем талабымен өндіргенде, банктер қарыз алушының ағымдағы шотында екі ең төменгі күнкөріс деңгейінен кем емес қаражат қалдыруға міндетті. Алайда бұл тәртіп сот орындаушыларының инкассолық өкімдеріне жүрмейді.

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com
Фото: Kursiv

2026 жылы Қазақстандағы күнкөріс деңгейі 50 851 теңге. Сондықтан қорғалатын қалдық — 101 702 теңге. Банк қарыз алушының шотындағы ақшаның 50 пайызынан артық соманы, сондай-ақ заңды тұлғадан немесе жеке кәсіпкерден кейін түскен әрбір төлемнің жартысынан көбін ұстай алмайды.

Мысалы, бір банктегі ағымдағы шоттарда 150 мың теңге болса, борышкерге кемінде 101 702 теңге қалуы тиіс. Демек, төлем талабын орындау кезінде 48 298 теңгеден артық ақша өндірілмейді. Ең төменгі қалдық айына бір рет қамтамасыз етіледі; пайдаланылмаған сома келесі айға көшеді. Бұл шектеу жеке тұлғалардың және жеке кәсіпкерлік нысанында жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлердің ағымдағы шоттарына қатысты, ал жинақ шоттарындағы қаражатқа қолданылмайды. Қорғалатын сома бір банктегі борышкердің барлық ағымдағы шоты бойынша есептеледі.

Сот орындаушысы инкассолық өкім жіберген жағдайда басқа тәртіп қолданылады. Жалақыдан немесе өзге кірістен ұсталғанда борышкерге кірістің кемінде жартысы қалуы керек, әрі бұл сома ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз болмауы тиіс. Бірақ бұл кепілдік шотта бұрыннан жатқан ақшаға жүрмейді. Сол себепті сот орындаушысының инкассолық өкімі бойынша банк ағымдағы шоттағы ең төменгі күнкөріс деңгейін сақтауға міндетті емес, қаражат толықтай есептен шығарылуы мүмкін.

Ұлттық банк сот орындаушылары берешек өндірген кезде де борышкер шотында кемінде бір күнкөріс деңгейін қалдыруды ұсынған. 2026 жылы бұл — 50 851 теңге. Реттеуші сонымен бірге шоттарға тыйым салу тәртібін өзгертуді ұсынды.

Мемлекеттік сатып алу бойынша

8 705 324 11 61