Саясат
Сайлауға үндеу
Авторларды қолдау орталығы
mediabugin@gmail.com09.06.2019 жылы өтетін еліміздегі президент сайлауына ат салысу және дауыс беру арқылы өзіңнің азаматтық ұстанымыңды, таңдау құқыңды көрсету күн тәртібіндегі мәселе.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың мәлімдемесінен кейін, уақытша президент ретінде ел тізгінін ұстаған Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Кемелұлы да кезекті сайлаудың өтетінін және оның ашық әрі әділ түрде жүзеге асатыны туралы пікір білдірді. Осыдан кейін ел ішінде жаппай мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдар арасынан өз кандидаттарын ұсыну жұмыстары жүзеге асты.
Ата заңда көрсетілгендей: Жалпыға бiрдей белсендi сайлау құқығы - Республиканың он сегiз жасқа жеткен азаматтарының тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне немесе кез келген өзге жағдаяттарға қарамастан, сайлауда дауыс беруге қатысу құқығы берілген.
Шетелдегі сайлау жүйесі қандай?
АҚШ азаматтары президент сайлауына дауыс бергенде келесі президенттің кім болатынын тікелей анықтамайды. Бұл елдің президенті бүкілхалықтық дауыс беру нәтижесін ескере отырып шешім шығаратын бірнеше сатылы жүйе арқылы сайланады.
АҚШ-тағы сайлау жүйесі туралы толық оқыңыз.
Украина
Украинада өткен сайлау нәтижесінде актер әрі «Слуга народа» сериалының басты кейіпкері Владимир Зеленский жеңіске жетті.
Айта кету керек, бұл елде өткен президент сайлауына 39 кандидат ресми тіркелген.
Сайлаудың отын қыздырып, халық алдында ашық айқасқа түскен басты екі қарсылас арасындағы шоу үлкен өзгеріс әкелді. Киевтегі «Олимпийский» стадионында өткен пікірталасқа Петр Порошенко мен Владимир Зеленский қатысып, екеуара нағыз шоу жасап қана қоймай, елдегі сайлаудың әділ әрі ерекше өткен үлгісін ұсына білді.
Түркия
Түркиядағы президент сайлауына деген халықтың көзқарасы мен ашықтығы өте жоғары деңгейде бағаланады. Сайлауға қатысып жатқан үміткерлердің бағдарламасына және олардың берген сөздеріне қарай халық жаппай сайлауға қатысып, өздерінің кандидаттарын таңдайды.
Елдегі демократиялық көзқарас жақсы дамыған. Халық президенттің өз мерзімін өтеу кезінде жасаған еңбектері мен жұмыстарына қарай баға беріп, келесі президенттік сайлауда таңдауларын басқа үміткерге беруі мүмкін. Қазірдің өзін де ел тізгіні ұстап келген Режеп Тайып Ердоған партиясы ірі қалаларда жеңіліс тауып, жағдайдың мүлде басқаша болып кетуі мүмкін екенін көрсетіп отыр.
Сайлауға қатысып, өз таңдауыңды жаса!
Елімізде бір айдан кейін өтетін президент сайлауына қатысатын ресми 7 үміткердің жеңіске жеткені ел билігін қолына алады.
Сайлаудың әділ өтуі үшін жаппай ел ішіндегі әрбір азамат сайлауға қатысып, өздерінің дауысын беру керек. Бұдан өзге Украинада болған пікірталас сценарийі біздің елде де қайталануы мүмкін. Бұл туралы ҚР Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров хабарлады. Оның айтуынша, президентікке үміткерлер, оларды ұсынған саяси партиялар Орталық сайлау комиссиясы ұйымдастыратын теледидардағы сайлау алдындағы пікірталастарға қатысуға құқылы. Қазір дәл осы мүмкіндікті Орталық сайлау комиссиясы пысықтау үстінде.
Дауыс беру қалай жүзеге асады?
Кімнің дауыс беру құқығы бар?
ҚР 18 жасқа толған азаматы сайлауда дауыс беруге құқылы.Әрекет ету қабілеті бар, сотталмаған азамат болуы тиіс. Сайлаушыға қойылатын тағы бір талап – тіркеуде болуы.
Дауыс беру үшін қандай құжаттар керек?
Жеке басын куәландыратын куәлік немесе төлқұжат.
Қай жерде дауыс беру керек?
Дауысты тек тіркелген мекен-жайы бойынша беру керек. Жергілікті атқарушы органдардың сайттарында сайлау учаскелеріне қатысты ақпараттар жарияланады. Мәселен, астаналықтар өзінің сайлау учаскесі туралы ақпаратты iKomek-тің 109 нөмірінен, Smart Astana қосымшасынан және қаланың ресми сайты astana.gov.kz ала алады. Сонымен қатар өз учаскесін әкімдіктің maps.astana.kz геопорталынан және Telegram-дағы @smartastana_bot чат-ботынан табуға болады.
Алматыда жақын уақытта арнайы call орталықтар жұмыс істейді, олардың нөмірлері әкімдіктің сайтында және Open Almaty-да жарияланады.
Егер сайлау күні басқа қалада болсаңыз, қалай дауыс бере аласыз?
Тіркеусіз дауыс беруді рәсімдеудің екі жолы бар:
Бір ай бұрын, яғни 9 мамырға дейін елді-мекеннің әкімдігіне жүгініп, сайлау учаскесін көрсетумен сайлаушылар тізіміне қосу туралы өтініш жазасыз.
Сайлау учаскесіне барып, сайлауға дейін 20 күннен ерте емес уақыттан кейін есептен шығару талонын аласыз. Есептен шығару туралы куәлік 8 маусым күні жергілікті уақытпен сағат 18-00-де тоқтатылады.
Қаланың ішінде сайлау учаскесін өзгертуге бола ма?
Иә. Ол үшін 9 мамырдан кешікпей жергілікті әкімдікке барып өтініш жазу керек.
Сайлаушылар тізімінен аты-жөні табылмаған дауыс берушіге не істеу керек?
Сайлау комиссиясының мүшелеріне осы учаске аумағында тұратындығын растау үшін мекен-жай анықтамасын ұсыну керек.
Қозғалысы шектеулі азаматтар қалай дауыс береді?
Денсаулық жағдайына байланысты сайлау учаскесіне келе алмайтын немесе отбасының ауру мүшесін бағып отырған азаматтар тіркелген мекен-жайы бойынша сайлау учаскесіне 9 маусым күні сағат 12-ден кешікпей өтініш жазуы керек.
Одан кейін сайлау комиссиясының мүшелері жәшікпен оларға келеді.
Уақытша тіркеу туралы анықтаманы көрсетіп, дауыс беруге бола ма?
Жоқ. Сайлаушылардың тізімі тұрақты мекен-жайлары бойынша жасалады.
Өз туыстары атынан дауыс бере ала ма?
Жоқ. Тіпті туыстарыңыздың жеке куәлігін көрсетсеңіз де, сізге бюллетень берілмейді. Өйткені әр сайлаушы өзі дауысын өзі беруі керек.
Шетелде жүрген адам қалай дауыс береді?
Шетелде Қазақстанның елшіліктері мен консулдықтары жанындағы сайлау учаскелерінде дауыс беруге болады. Олардың мекен-жайын мына жерден көруге болады.
Неліктен электронды дауыс беру жүйесі жоқ?
2000 жылдары "Сайлау" аталатын осындай жүйе іске қосылды. Алайда сайлаушылар оны пайдаланбады, сонымен қатар саяси партиялар, жұртшылық және байқаушылар тарапынан сынға қалды. Содан бері бұл жүйе сайлауда қолданылмайды.
Сайлау учаскесінің жұмыс кестесі
9 маусымда сайлау учаскесі түскі үзіліссіз сағат 7-00-ден 20-00-ге дейін жұмыс істейді.
Сайлауға баруға мәжбүрлей ала ма?
Жоқ. Оған бару-бармау әркімнің өз еркі.
Біреуге дауыс берген-бермегені туралы есеп беру керек пе?
Жоқ, міндетті емес. Дауыс беру жасырын түрде өтеді және сайлауға қатысу-қатыспау әр адамның өз құқы.
Қалай дауыс беру керек?
Сайлау комиссиясының мүшесіне жеке басты куәландыратын куәлікті немесе төлқұжатты көрсете отырып, бюллетень алады.
Жасырын дауыс беру кабинасына кіріп, бюллетеньді толтырады.
Егер бюллетеньді өзі толтыра алмаса, сенетін адам көмегіне жүгіне алады. Дауыс бергеннен кейін оның тегі бюллетень алу кезінде сайлаушының қолы қойылған сайлаушылардың тізіміне енгізіледі. Бірақ ол адам төмендегілер болмауы тиіс: сайлау комиссиясының мүшесі; жергілікті атқарушы немесе өкілетті органның сенімді тұлғасы; БАҚ өкілі; байқаушы; сәйкес сайлау комиссиясында тіркелген азамат.
Дауыс беру кабинасында дауыс беруші кез келген белгіні қояды, өзі дауыс беретін кандидаттың тегінің оң жағындағы бос орынға айқаршық (х) немесе қанат (v) белгісін салады. Бюллетеньге қарындашпен белгі қоюға, сонымен қатар түзету жасауға жол берілмейді.
Содан кейін дауыс беруші бюллетеньді жәшікке салады.
Дауысты тек бір рет беруге болады.
Абайсызда бюллетеньді бүлдіріп алғанда, не істеу керек?
Комиссияға келіп, бюллетеньді бүлдіріп алғаны туралы айтады. Оған жаңасын береді, ал бүлінгенін алып, санау кезінде пайдаланылмаған бюллетеньдердің есебінен қосады.
Бүлінген бюллетеньді жәшікке салмай тұрып ауыстыру керек.
Ресми түрде ҚР-ның келесі президенті болуы үшін 7 үміткер бекітілді. Олар кімдер:
1. Қасым-Жомарт Тоқаев («Nur Otan»)
2. Әміржан Қосанов («Ұлт тағдыры»)
3. Түгел Сәді-Бек («Ұлы дала қырандары»)
4. Амангелді Таспихов («ҚР Кәсіподақ федерациясы»)
5. Дәния Еспаева («Ақ жол»)
6. Төлеутай Рахымбеков («Ауыл»)
7. Жамбыл Ахметбеков («Қазақстанның коммунистік Халық партиясы»)
Әрбір азамат сайлауға қатысып, дауыс беруге құқылы. Себебі, бұл бір адамның емес, бір халықтың болашағына, тағдырына әсер ететін мәселе. Мемлекеттің дамуы мен болашағы үшін елдегі әр азаматтың президент сайлауына қатысып, өзінің таңдауын жасау – үлкен жауапкершілік.
Пайдаланылған дереккөз: informburo.kz
Мемлекеттік сатып алу бойынша
8 705 324 11 61