ӘЛЕМ
Зерттеушілер жаз айларында тіркелген өлім-жітімнің шамамен үштен екісі жоғары температураның тікелей әсерінен болғанын анықтады. Ең көп зардап шеккендердің қатарында жасы 85-тен асқан адамдар бар.
Авторларды қолдау орталығы
mediabugin@gmail.com
Лондон империялық колледжі мен Лондон гигиена және тропикалық медицина мектебінің ғалымдары Еуропаның 854 қаласындағы деректерді талдаған. Зерттеу бойынша, 2026 жылғы маусым, шілде және тамызда тіркелген өлім-жітім саны 50 мыңнан асқан. Бұл – бақылау тарихындағы ең жоғары көрсеткіш. Мамырдың соңғы 10 күнінде де ыстыққа байланысты 1 508 өлім жағдайы тіркелген.
Артық өлім-жітімнің ең жоғары көрсеткіші 85 жастан асқандар арасында анықталған – 22 502 жағдай. 20-44 жастағы адамдар арасында шамамен 833 өлім тіркелген. Халық санына шаққанда Мальта, Италия және Венгрия алға шықса, абсолюттік көрсеткіш бойынша Италия, Франция, Испания, Германия және Ұлыбританияда өлім-жітім көп болған. Ең зардап шеккен қала – Неаполь: әр миллион тұрғынға шаққанда 815 өлім жағдайы тіркелген.
Ғалымдар күндізгі аптап пен түнгі жоғары температура ағзаның қалпына келуіне кедергі болғанын, ауаның ластануы қауіп-қатерді күшейткенін атап өтті. Неапольдегі жедел жәрдем бөлімінің дәрігері Марио Гвариноның айтуынша, аптап күшейген апталарда дәрігер көмегіне жүгінгендер саны 15%-ға өскен. Әсіресе тұрмысы төмен, жалғыз тұратын және кондиционер сатып алуға не оны тұрақты пайдалануға мүмкіндігі жоқ адамдар зардап шеккен.
2026 жылдың жазы Еуропада бақылау тарихындағы ең ыстық үшінші жаз болды, ал Батыс Еуропада температура рекордтық деңгейге жетті. Маусымдық орташа температура 1991-2020 жылдардағы климаттық нормадан 2,4°C жоғары болған; жекелеген күндері айырмашылық 7,3°C-қа, кей елдерде 12°C-қа дейін жеткен. Зерттеу дерегіне сәйкес, Еуропадағы температура индустрияға дейінгі кезеңмен салыстырғанда шамамен 2,5°C-қа, ал әлемде шамамен 1,5°C-қа көтерілген. 2026 жылғы тамыз ауа райын бақылау тарихындағы ең ыстық ай ретінде тіркеліп, жаһандық орташа температура 2023 жылғы шілдедегі рекордқа жуықтады.
Мемлекеттік сатып алу бойынша
8 705 324 11 61