ДАМУ

Pinduoduo Қазақстанға келсе, жергілікті сатушыларға бәсеке күшейеді

Қытайлық маркетплейстің Қазақстанда жұмысын бастауы мүмкін екені хабарланғаннан кейін жергілікті кәсіпкерлер бәсекенің артуына алаңдады. Әсіресе Қытайдан арзан тауар әкеліп, үстеме бағамен сататын кәсіпкерлерге қиын болуы ықтимал.

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com
Фото: Kursiv

Қыркүйектің соңында Pinduoduo Қазақстанда жобасын іске қосуы мүмкін екені белгілі болды. Әзірге нақты жоспары жарияланған жоқ. Қытайдан Еуропалық одақ пен ЕАЭО елдеріне тауар жеткізуге арналған Almaty SkyHub көлік-логистика хабын құру мәселесі талқыланып жатыр.

Sellers.kz сатушылар қауымдастығын құрған Артем Бухонин логистикалық хабтың негізгі міндеті транзит пен экспорт болатынын айтты. Алайда Қытай тауарларына тапсырыс беру жеңілдеп, жеткізу қолжетімді бола түссе, оларды тасымалдап, үстеме бағамен сататын кәсіпкерлерге бәсекелесу қиындайды. Оның сөзінше, қоймада дайын тұрған, кепілдігі мен кеңесі бар тауар ұсынатын сатушылардың артықшылығы сақталуы мүмкін.

ECOMMERCE-KZ кәсіпкерлер қауымдастығының жетекшісі Хамит Кашиковтың айтуынша, Pinduoduo қазірдің өзінде Қазақстанның Мемлекеттік кірістер комитетімен салық салу және дерек алмасу мәселелері бойынша кеңесіп жатыр. Алматыда логистикалық хаб ашылса, жеткізу мерзімі қысқарып, қайтару тәртібі жеңілдеуі мүмкін. Бірақ бағасы арзан, бренді жоқ тауар сататын кәсіпкерлерге бәсеке күшейеді, өйткені Pinduoduo көбіне өндірушілермен тікелей жұмыс істейді.

Кашиков қазақстандықтар Pinduoduo-дан тауарға қазірдің өзінде тапсырыс беріп жатқанын, ал жеткізуді бөгде қызметтер атқаратынын атап өтті. Президенттің баспасөз қызметі бұған дейін «Қазпошта» мен YTO Express бірлескен кәсіпорны Қытайдан 12,5 млн сәлемдеме жеткізгенін хабарлаған. Бухониннің бағалауынша, Pinduoduo-ның нарыққа елеулі ықпалы сезілуі үшін екі-үш жыл қажет болуы мүмкін.

Кәсіпкерлердің пікірінше, жергілікті сатушылар бағаға ғана сүйенбей, жылдам жеткізуге, кепілдік пен қызмет көрсетуге, тауарды оңай қайтаруға және жеке брендтерді дамытуға мән беруі керек. Бухонин сонымен бірге шетелдік және отандық сатушыларға салық салуда тең жағдай жасап, ережелерді алдын ала түсінікті ету маңызды екенін айтты.

Мемлекеттік сатып алу бойынша

8 705 324 11 61