Bugin
Соңғы айларда Қазақстанда доллар бағамы 540 теңге шамасынан 470 теңгеге дейін төмендеді. Алайда теңгенің нығаюына қарамастан, халық азық-түлік пен күнделікті қажеттіліктердің арзандағанын бірден сезініп отырған жоқ. Жалақы өскенімен, ақшаның жетіспеуі де көпшілік үшін өзекті мәселе болып қалуда.
Авторларды қолдау орталығы
mediabugin@gmail.com
Фото: Ашық дереккөз
Теңгенің нығаюына қандай факторлар әсер етті? Доллардың арзандауы тауар бағасына қалай ықпал етеді? Жалақы өскен жағдайда да азаматтардың сатып алу қабілеті неге төмендеуі мүмкін? Осы сұрақтарға экономист Айбар Олжаев жауап берді.
Теңге неге нығайды?
Доллар бағамының төмендеуіне әсер еткен факторлардың бірі – Қазақстандағы базалық мөлшерлеменің жоғары болуы. Бұл теңгедегі депозиттердің тартымдылығын арттырып, азаматтардың жинағын ұлттық валютада сақтауына ынталандыруы мүмкін.
Сонымен қатар жоғары базалық мөлшерлеме несие құнын арттырады. Соның салдарынан тұрғындар мен кәсіпкерлердің қарыз алу белсенділігі төмендеп, экономикадағы сұранысқа әсер етуі ықтимал.
Экономист Айбар Олжаевтың айтуынша, теңгенің нығаюына елдегі ақша-кредит саясаты да ықпал етіп отыр.
«Нақты негізгі себептердің бірі – іштен, өзімізден белгілі бір теңгерімді қолға алғанымыз. Базалық ставка жоғары. Ол жоғары болған кезде кредит қымбаттайды, ал депозиттердің пайыздары да өседі. Сондықтан ақшаны теңгеде сақтау тиімді бола бастайды», – дейді сарапшы.
Оның түсіндіруінше, жоғары пайыздық мөлшерлемелер ішкі және шетелдік инвесторлардың да қызығушылығын арттыруы мүмкін. Теңгелік активтерге инвестиция салу үшін оларға ұлттық валюта қажет болады. Бұл теңгеге деген сұранысты қолдауы ықтимал.
Доллар арзандаса, тауар бағасы да төмендей ме?
Теңгенің нығаюы импорттық тауарлардың өзіндік құнына әсер етуі мүмкін. Қазақстан шетелден техника, электроника, автокөлік, киім-кешек, дәрі-дәрмек және өндірістік жабдықтардың бір бөлігін сатып алады.
Доллар арзандаған кезде импорттаушылар шетел валютасын сатып алуға бұрынғыдан аз теңге жұмсауы мүмкін. Бұл олардың шығындарын азайтуға мүмкіндік береді.
Алайда валюта бағамының төмендеуі дүкендердегі бағаның бірден арзандауына кепілдік бермейді. Өйткені тауардың соңғы құнына тасымалдау шығындары, жалдау ақысы, жалақы, салықтар, өндірушінің бағасы және сатушының үстемеақысы да әсер етеді.
Сондықтан теңгенің нығаюы бағаның өсуін тежеуі мүмкін болғанымен, оның әсері тұтынушыларға бірден сезілмеуі ықтимал.
Теңгенің күшеюі бизнеске қаншалықты тиімді?
Валюта бағамының өзгеруі кәсіпкерлерге әртүрлі әсер етеді. Шетелден шикізат, құрал-жабдық немесе дайын өнім сатып алатын компаниялар үшін теңгенің нығаюы тиімді болуы мүмкін. Себебі импортқа жұмсалатын шығын азаяды.
Ал өнімін шетелге сатып, табысын доллармен алатын экспорттаушылар үшін ұлттық валютаның күшеюі қолайсыз болуы ықтимал. Себебі доллармен түскен кірісті теңгеге айырбастағанда алынатын сома азаяды.
Осы себепті теңгенің нығаюын экономика үшін тек оң немесе теріс құбылыс ретінде бағалау дұрыс емес. Оның ықпалы әр саланың ерекшелігіне байланысты.
Жалақы өскенімен, ақша неге жетпейді?
Халықтың қаржылық жағдайына әсер ететін негізгі факторлардың бірі – инфляция. Жалақының өсуі азаматтардың тұрмысы міндетті түрде жақсарды дегенді білдірмейді. Егер азық-түлік, коммуналдық қызмет, көлік және баспана шығындары табыстан жылдамырақ өссе, сатып алу қабілеті төмендеуі мүмкін.
Экономист Айбар Олжаев адамның жағдайын тек ай сайынғы жалақы мөлшерімен бағалау жеткіліксіз екенін айтады.
«Байлар байиды, кедейлер кедейлене түседі» деген сөздің бір себебін де осы жерден көруге болады. Өйткені адамның табысы қағаз жүзінде көбейгенімен, оның нақты мүмкіндігі өзгермеуі немесе тіпті төмендеуі ықтимал. Ақшаның шынайы құны оның көлемімен емес, сол ақшаға не сатып ала алатыныңызбен өлшенеді», – дейді экономист.
Мысалы, адамның айлығы 300 мың теңге болып, бір жыл бойы өзгермесе, ал осы кезеңде тауарлар мен қызметтер орта есеппен 10 пайызға қымбаттаса, оның сатып алу мүмкіндігі азаяды. Яғни бұрынғы ақшаға бұрынғы көлемде өнім алу қиындай түседі.
Жалақы өссе де, жағдай өзгермеуі мүмкін. Мәселен, табыс 7 пайызға өсіп, ал баға деңгейі 12 пайызға көтерілсе, адамның нақты сатып алу қабілеті төмендеуі ықтимал.
«Жалақыңыз 5–7 пайызға өсуі мүмкін. Бірақ сол уақытта инфляция 12 пайыз болса, табыстың өсуі бағаның қымбаттауын қуып жете алмайды. Сондықтан адамның жалақысы көбейгенімен, оның нақты жағдайы жақсармайды», – деп түсіндірді Айбар Олжаев.
Бұл жағдай күнделікті шығындардан анық байқалады. Азық-түлікке, пәтер жалдауға, коммуналдық төлемдерге және жол ақысына жұмсалатын қаражат артқан сайын, жинақ жасауға қалатын ақша азаяды.
Инфляция кімдерге көбірек әсер етеді?
Бағаның өсуін табысы төмен отбасылар көбірек сезінуі мүмкін. Өйткені олардың кірісінің басым бөлігі азық-түлік, баспана, көлік және коммуналдық қызметтерге жұмсалады.
Ал табысы жоғары азаматтардың шығындарын қайта жоспарлап, ақшасының бір бөлігін жинаққа немесе инвестицияға бағыттау мүмкіндігі көбірек.
Экономист пандемия кезеңінен кейінгі инфляциялық үдерістердің де халықтың сатып алу қабілетіне әсер еткенін атап өтті.
«2020 жылғы пандемия Қазақстанға да әсер етті. Сол кезеңде инфляцияның күшеюі байқалды. Ең маңызды мәселе – халықтың номиналды жалақысының өсуі бағаның көтерілуінен кейін қалып қойды. Яғни табыс өсті, бірақ оның өсу қарқыны инфляциямен салыстырғанда төмен болды», – дейді маман.
Осы тұста номиналды және нақты табыстың айырмашылығын ескеру маңызды. Номиналды табыс – адамның теңгемен алатын жалақысы. Ал нақты табыс оның сол ақшаға қанша тауар мен қызмет сатып ала алатынын көрсетеді.
Сондықтан жалақының өсуі әрдайым тұрмыс деңгейінің жақсарғанын білдіре бермейді.
Халық теңгенің нығаюын қашан сезінеді?
Экономикалық өзгерістердің халықтың тұрмысына әсер етуі үшін уақыт қажет. Теңгенің нығаюы импорттық шығындарды азайтып, кейбір тауарлар бағасының өсуін тежеуі мүмкін. Бірақ бұл өзгеріс барлық тауарға бірдей әсер етпейді.
Сонымен қатар әр отбасының шығын құрылымы әртүрлі. Бірі табысының көп бөлігін азық-түлікке жұмсаса, енді бірі ипотекаға немесе пәтер жалдауға көбірек қаражат бөледі. Сондықтан ресми инфляция деңгейі мен азаматтардың күнделікті сезінетін қымбатшылығы арасында айырмашылық болуы мүмкін.
Халықтың тұрмыс деңгейін бағалағанда жалақының қанша теңгеге өскеніне ғана емес, бағаның өзгеруіне де назар аудару қажет. Егер азаматтардың табысы инфляциядан жылдамырақ өссе, олардың нақты сатып алу қабілеті артуы мүмкін.
Демек, теңгенің нығаюы – экономикалық жағдайға әсер ететін факторлардың бірі ғана. Халықтың қалтасына түсетін нақты өзгеріс табыс деңгейіне, инфляцияға және күнделікті шығындарға байланысты.
Мемлекеттік сатып алу бойынша
8 705 324 11 61