ДАМУ
Бішкекте өткен форумда сауда, көлік, туризм және бірлескен өндірістерді дамыту мәселелері талқыланды. Тараптар екіжақты тауар айналымын 3 млрд долларға жеткізу міндетін растады.
Авторларды қолдау орталығы
mediabugin@gmail.com
Қазақстанның Премьер-министрі Олжас Бектенов Қырғызстанға ресми сапары кезінде екі елдің ІІ өңіраралық ынтымақтастық форумына және үкіметаралық кеңестің 14-отырысына қатысты. Жиындарға Қырғызстан Министрлер кабинетінің төрағасы әрі Президент Әкімшілігінің басшысы Адылбек Касымалиев, өңірлердің басшылары, мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдері қатысты.
Форумда өңірлер арасындағы тікелей байланысты нығайту, сауда-экономикалық және инвестициялық жобаларды іске асыру, өнеркәсіп, көлік-логистика мен туризм салаларындағы ынтымақтастық қаралды. Өткен жылы екі ел арасындағы сауда көлемі 33%-ға өсіп, 2,4 млрд долларға жеткен. Биылғы жылдың басынан бергі көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңінен 20%-ға жоғары. Мемлекет басшылары тауар айналымын 3 млрд долларға дейін арттыру міндетін қойған.
Көлік тасымалы да ұлғайған: өткен жылы теміржолмен 6,8 млн тонна жүк жеткізіліп, көрсеткіш 10%-ға артты. Автомобиль жүк тасымалы 37%-ға өсіп, 3,7 млн тоннаны құрады. Биылғы тоғыз айда екі ел арасындағы туристік ағын 4 млн адамнан асты. Жамбыл облысында шекара маңындағы индустриялық-сауда-логистикалық кешенді дамытуға назар аударылды.
Форум қорытындысында Алматы мен Бішкек арасында 2026–2030 жылдарға арналған бауырластық байланыстарды дамыту, Түркістан мен Манас, сондай-ақ Щучье-Бурабай курорттық аймағы мен Ыстықкөл курорттық аймағы арасында бауырластық қатынас орнату жөніндегі құжаттарға қол қойылды. Қырғызстанның бірнеше облысымен ынтымақтастықты кеңейту және қазақстандық өнімді сол елдің нарығында ілгерілету туралы да келісімдер жасалды.
Үкіметаралық кеңес отырысында сауда-экономикалық байланыстар, агроөнеркәсіп кешені, су шаруашылығы, көлік-транзит, ғарыш, авиация, цифрландыру және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Тараптар өңірлер арасындағы байланыстар мен экономиканың негізгі салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделі екенін растады.
Мемлекеттік сатып алу бойынша
8 705 324 11 61