Саясат
Мәселе
Жыл сайын «Бессмертный полк» шеруі Қазақстанның әр қаласында өтіп, қоғамды екіге жарып келеді. Бір топ бұл соғыс құрбандарын еске алып, ардагерлерге құрмет көрсету десе, екінші топ бұл Ресейдің идеологиялық құралы деген баға беріп отыр. Осы мәселе төңірегінде қоғам қайраткері Мұхтар Тайжан мырзамен сұқбаттасудың мүмкіндігі туды
Бұл шерудің түпкі мақсаты қандай?
«Бессмертный полк» деген — ол империалық, шовинистік Путиннің саясатының бір нышаны. Бір белгісі. Өйткені бұрын бұндай «Бессмертный полк» деген шеру болған емес. Ал қазір [белсенділер] Георгий лентасын алып қалаларды аралап жүр. Георгий лентасы мүлдем Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысы жоқ. Бұл тағы да Ресей империялизмінің бір белгісі.
Шерудің мақсаты, менің ойымша «Міне қараңдар, біз қандай империя болдық, біз қандай күшті мықты ел болдық. Біз Еуропаның тең жартысын жаулап алдық кезінде. Біз тағы да сондай империя болсақ, тағы да қуатты ел боламыз» — деген мағынасы деп білемін. Астарында осындай ой бар деп ойлаймын.
Иә, бұл бөтен елдің мақсат-мүддесі делік. Ал өз ішіміздегі жағдайға қандай баға бересіз?
Қазақстанға бұндай мақсаттар мүлдем жат. Тағы да Ресей империясы құрылса бізге зиян болады. Қауіпті болады бізге. Сондықтан, Қазақстанда мұндай «Бессмертный полкқа»» тыйым салынуы керек. Міне мысалы, Ақтөбе әкімі ерлігін көрсетіп, аталған шеруге мүлдем тыйым салды. Өте дұрыс деймін. Ал басқа әкім, Ахметов Даниял: «Жоқ мен осы «Бессмертный полкты» қолдап, олармен бірге шығамын» деп жатыр. Ол бұрыс позиция. Жалпы мемлекетімізде біртұтас, біріңғай идеологиялық ұстаным болуы керек. Өкінішке орай, бізге мықты идеологиялық позиция жетіспей жатыр.
Шеруге балама ретінде нені ұсынар едіңіз?
Біз мысалы мына әруақтарымызды, ардагерлерімізді қазақи салт-дәстүрлері бойынша еске алуымыз керек. Шелпек пісіру, құран бағыштау. Ал мына жат салт-дәстүрлер Ресейде болсын, басқа бір елдерде болсын, бірақ Қазақстанда болмау керек деп есептеймін.