ДАМУ

Қазақстанда апат қаупінен тұрғын үйді міндетті сақтандыру жоспарланды

2026–2030 жылдарға арналған сақтандыру нарығын дамыту бағдарламасы мақұлданды. Құжатта тұрғын үйді жер сілкінісі, су тасқыны және орман өрті салдарынан болатын шығыннан сақтандыру қарастырылған.

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com
Фото: NUR.KZ

Жаңа жүйені кезең-кезеңімен енгізу көзделген: алдымен үш облыста сынақтан өткізіп, кейін апат қаупі жоғары тағы 16 өңірге тарату жоспарланып отыр. Тұрғын үйі бүлінген немесе қираған меншік иелері сақтандыру өтемақысын ала алады.

Бағдарлама ерікті сақтандыру қызметтерін де қамтиды. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға қосымша ретінде ерікті медициналық сақтандыруды дамыту, сондай-ақ кепілді, инвестицияға байланысты және гибридті зейнетақы аннуитеттерін ұсыну жоспарланған. Ерікті сақтандыру шарттарын электронды түрде рәсімдеп, сақтандыру жағдайларын онлайн реттеуге мүмкіндік берілмек.

Клиенттерге түрлі сақтандыру компанияларының ұсыныстарын салыстыруға арналған маркетплейстерді дамыту көзделген. Шағын және орта бизнеске арналған сақтандыру өнімдері көбейіп, нарықта исламдық сақтандыру, соның ішінде такафул қызметтері де дамытылады.

Бағдарлама шетелдік сақтандыру және қайта сақтандыру ұйымдарының филиалдарына Қазақстан нарығына шығуды жеңілдетуді де қамтиды. Соңғы бес жылда сақтандыру ұйымдарының активтері 1,8 трлн теңгеден 3,9 трлн теңгеге, сыйлықақылары 815 млрд теңгеден 1,9 трлн теңгеге, ал төлемдері 127 млрд теңгеден 461 млрд теңгеге өскен. Сақтандыру ұйымдары активтерінің елдің жалпы ішкі өніміндегі үлесі шамамен 2,7%.

Бағдарламадағы 18 стратегиялық бастаманың 12-сін «Сақтандыру нарығы туралы» жаңа заң жобасында бекіту жоспарланған. Құжатты жыл соңына дейін Қазақстан Республикасы Құрылтайының қарауына енгізу көзделіп отыр.

Мемлекеттік сатып алу бойынша

8 705 324 11 61