ҚОҒАМ

Ғылым қорынан макарон жобаларына бөлінген қаржы жымқырылды деген күдік бар

Алматыда Bal halal компаниясына қатысты тергеу аяқталды. Тергеу нұсқасы бойынша, жобаларға бөлінген 1,15 млрд теңгенің 736,4 миллионын басқа компанияға аударған.

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com
Фото: Tengrinews

Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, Bal halal ЖШС 2023–2024 жылдары «Ғылым қоры» АҚ-нан ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыруға арналған төрт жоба бойынша 1,15 млрд теңге алған. Жобалар өсімдік шикізатынан инновациялық макарон өнімдерін және микроэлементтермен байытылған ұн өндіруді көздеген.

Тергеу эксперименттері сатып алынған жабдықтың жобаларда жоспарланған өнімді шығаруға жарамсыз екенін көрсеткен. Қаржының бір бөлігін аудару үшін үлестес тұлғалар атына тіркелген SMART 15 ЖШС пайдаланылған деген болжам бар. Жабдық пен басқа қызметтер үшін осы компанияның шотына 736,4 млн теңге аударылған.

Агенттік хабарлауынша, іске «Фабрика рекламы Шымкент» ЖШС, Jana tan ЖШС және Sisters Brand KZ жеке кәсіпкері де қатысқан. Жобалардың орындалуын бақылау іс жүзінде жүргізілмей, мониторинг актілері өндіріс орындарына бармай және атқарылған жұмысты тексермей жасалғаны айтылды.

Тергеу дерегіне сәйкес, қолма-қол ақшаға айналдырылғаннан кейін Bal halal директоры жобаларды бірлесіп қаржыландыруға арналған өз қаражаты ретінде көрсетіп, компания шоттарына 88,5 млн теңге салған. Жалпы шығын 945 млн теңге деп бағаланған.

Компания директоры қамауға алынды. Сот санкциясымен құны 830 млн теңге болатын мүлкіне тыйым салынды. Олардың қатарында бес жер учаскесі, төрт көлік, Астанадағы пәтер, коммерциялық нысан және зергерлік бұйымдар бар. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жарияланбайды.

Мемлекеттік сатып алу бойынша

8 705 324 11 61