ҚОҒАМ

Қазақстанда 2027 жылдан бастап 10 жәрдемақы отбасының әл-ауқатына қарай тағайындалады

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік жәрдемақының 10 түрін тағайындау тәртібі өзгереді. Ауқатты деп танылған A және B санатындағы отбасылар бұл төлемдерді алмайды, ал C, D және E санаттарына қолдау бұрынғы тәртіппен көрсетіледі.

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com
Фото: Kursiv

Отбасының әл-ауқаты Цифрлық отбасы картасындағы деректер негізінде бағаланады. Жүйе табыс пен ресми жұмыспен қамтылудан бөлек, тұрғын үй жағдайын, жылжымайтын мүлік пен көлікті, жер телімін, кәсіпкерлікке қатысуды, несие жүктемесін және әлеуметтік мәртебені қоса алғанда, 50-ден астам өлшемді ескереді.

Балдық бағалау нәтижесінде отбасылар бес санаттың біріне бөлінеді: A — 1800 балл және одан жоғары, B — 730–1799, C — −30-дан 729-ға дейін, D — −460-тан −29-ға дейін, E — −459 балға дейін. A және B санаттарына жоғары әрі тұрақты табысы бар отбасылар жатқызылады. C, D және E санатындағы отбасылар жәрдемақыны бұрынғы тәртіппен ала береді.

Жаңа тәртіп бала тууына байланысты біржолғы төлемге, бала бір жарым жасқа толғанға дейінгі күтім жәрдемақысына, көпбалалы отбасылар мен наградталған көпбалалы аналарға арналған төлемдерге қатысты болады. Сондай-ақ мүгедектігі және асыраушысынан айырылуы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар, арнаулы мемлекеттік және кәсіптік жәрдемақылар, I топтағы мүгедектігі бар адамды күтуге және мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-анаға, асырап алушыға не қамқоршыға берілетін төлемдер де тізімге енген.

Қолданыстағы жәрдемақы алушылар eGov Mobile қосымшасындағы «Әл-ауқатты бағалау калькуляторы» арқылы санатын алдын ала тексере алады. Есеп анықтамалық сипатта болады және көрсетілген балл қазіргі төлемдерге әсер етпейді. Егер мемлекеттік базадағы мүлік туралы мәлімет қате болса, ресми деректі eGov.kz порталы, eGov Mobile немесе тұрғылықты жердегі әлеуметтік қорғау саласындағы бақылау және реттеу комитетінің аумақтық департаменті арқылы түзету қажет.

Мемлекеттік сатып алу бойынша

8 705 324 11 61