Bugin

Отанға оралу арман, өз орныңды табу күрес: Қандастар хикаясы

Адам баласының жаратылысында болса керек-ті: туған жерінен жырақта жүрген әрбір адамзат жүрек түкпіріндегі Отанға деген сағынышын жоғалтпайды. Атажұртқа оралуды өмірлік мұрат еткен қандастар үшін туған елге қоныс аудару жайғана мекен ауыстыру емес, ата-бабадан жалғасқан арманның орындалуы. Алайда сол арманға қолжеткізгеннен кейінгі өмір қандай? Өз елінде адал еңбек етіп, шаңырағының түтінін түтетуді қалаған жандардың үміті ақталды ма?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Ашық дереккөз

Қазақ елі тәуелсіздік ала сала тек өз мүддесін ғана ойламай, шетел асып жүрген қазақ қандастардың да өмірін ойлады. 1991 жылдан бастап Қазақстан шетелдегі этникалық қазақтардың тарихи Отанына оралуына жол ашты. Кейін көші-қонды реттейтін заңдар қабылданып, қандастарды әлеуметтік қолдау жоспарлары қалыптасты. Мемлекет тарапынан қоныстануға, баспана мәселесін шешуге және жаңа ортаға бейімделуге бағытталған көмектер қарастырылды. Дегенмен, атажұртқа оралу мен сол елдің толыққанды мүшесіне айналу екі бөлек мәселе. Азаматтық алу, құжат рәсімдеу, тұрақты жұмыс табу мен жаңаортаға сіңісу кейбір қандастар үшін жылдарға созылатын сынаққа айналады. Тарихи Отанына үлкен үмітпен келген адамның күнделікті тіршілігі қалай өрбиді? Оның арманы мен шынайы өмірінің арасында қандай алшақтық бар?

Осы сауалдарды арқау еткен режиссер әрі ақын Тілек Ырысбектің екі деректі фильмі 8 қарашада Алматыда көрермен назарына ұсынылды.

Алғашқы көрсетілген «Аспаз қандастың арманы» деректі фильмі екі жыл бұрын Қазақстанға қоныс аударған Аңсар Қожанұлының өмірін баяндайды. Азаматтық алып үлгерген ол бүгінде отбасымен Алматы облысындағы Бәйдібек би ауылында тұрады. Аңсардың кәсібі: аспаздық, ал арманы: Алматыдан жеке асхана ашу. Оның бұл мақсаты тек табыс табуға деген ұмтылыстан туындамайды. Ол өзі меңгерген кәсіпті дамытып, жаңа ортада тұрақты өмір қалыптастыруды көздейді.15 минуттық туындыда Аңсардың күнделікті еңбегі мен өңірдегі Шыңжаң асханасы үлгісіндегі дәмханалардың тыныс-тіршілігі бейнеленеді. Осы арқылы режиссер қандастардың атажұртқа өздерімен бірге кәсіби тәжірибесін, мәдениетін және дәстүрін де ала келетінін көрсетеді.

Қолөнерін серік еткен Тұрсынхан апай:

Ал екінші фильмнің кейіпкері Тұрсынхан апайдың арманы мен өмір жолы өзгеше. Қытайдан Қазақстанға қоныс аударған ол бүгінде Ақши ауылындағы шағын шеберханасында аяқкиімді қолдан тігіп, нәпақасын тауып отыр. «Тұрсынхан апайдың шеберханасы» атты 19 минуттық деректі туындыда оның қажырлы еңбегі мен күнделікті тіршілігі көрсетіледі.Тұрсынхан апайдың өмірі атажұртқа оралған адамның жаңа ортада өз кәсібіне сүйеніп, тіршілік етуінің бір мысалы іспетті. Оның шағын шеберханасы табыс көзі ғана емес, жылдар бойы жинаған шеберлігі мен табандылығының көрінісі.

Аңсар болашағын жаңа кәсіппен байланыстырса, Тұрсынхан апай қолындағы өнерімен өмірін жалғастырып келеді. Тағдырлары әртүрліболғанымен, екеуін біріктіретін ортақ құндылықбар. Ол – өз Отанының топырағында адал еңбекетіп, ешкімге алақан жаймай өмір сүруге дегенұмтылыс.

Қандастардың тағдырына қоғам қаншалықты үңіліп жүр?

Қос туындының авторы Тілек Ырысбектің өзі де Қытайдың Шыңжаң өңірінде дүниеге келген. Режиссер шығармашылығында көші-қон тәжірибесі бар адамдардың тағдыры мен қоғамдағы әлеуметтік мәселелерге ерекше назар аударады.Көрсетілім бағдарламасында режиссер Тілек Ырысбек, жазушы әрі аудармашы Сафина Ақтай, журналист Белла Қасымқызы және зерттеуші Елдес Орданың қатысуымен деректі кино, медиа этикасы және адам тағдырын экранда бейнелеу мәселелерін талқылау қарастырылды.

Қандастар туралы әңгіме көбіне көші-қон статистикасы, мемлекеттік квота немесе әлеуметтік жәрдемақы төңірегінде өрбиді. Десе де, сандардың тасасында нақты адамдардың тағдыры, арманы мен күнделікті еңбегі қалып қояды.Тілек Ырысбектің деректі фильмдері бір карағанда, маңызы жоқ сияқты, бірақ түптеп келгенде маңызы терең заттарға назар аудармайтындығымызды түсіндіреді. Мұндағы кейіпкерлер қоғамнан аяушылық күтетінжандар ретінде емес, өз өміріне жауапкершілік алып, болашағын қалыптастыруға ұмтылған адамдар ретінде көрінеді.

Атажұртқа оралу дегеніміз – ата-бабадан қалған арманның орындалуы. Ал сол топырақта тамыр жайып, өз орныңды табу әр қандастың жеке күресі. Ендеше, тарихи Отанына оралған жандарды қабылдау шекарадан өткізумен ғана шектелмеуі керек. Олардың осы қоғамның ажырамас бөлігіне айналуына жағдай жасау да маңызды.

Мақала авторы: Аружан Асқарқызы

Мемлекеттік сатып алу бойынша

8 705 324 11 61