ҚОҒАМ

Алматы метросындағы өлім: екі жылдан кейін бұрынғы қызметкер сотталуда

2024 жылғы 10 желтоқсанда «Абай» станциясында 26 жастағы зағип жолаушы қаза тапқан. Іс бойынша метрополитеннің бұрынғы бақылаушысына жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com
Фото: Tengrinews

Алматыдағы Медеу ауданының №2 сотында Майра Болатбековаға қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр. Оған көлік қозғалысы немесе оны пайдалану қауіпсіздігі қағидаларын бұзып, абайсызда адам өліміне әкелді деген айып тағылған. Бұл бап бойынша үш жылға дейін белгілі бір қызметтерді атқару құқығынан айыра отырып немесе онсыз жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Тергеу нұсқасы бойынша, Болатбекова зағип жолаушыны көргенімен, станция кезекшісіне хабарлап, оны метро қызметкерінің алып жүруін ұйымдастырмаған. Бұрынғы қызметкер сол күні кассада отырғанын, турникет маңындағы бақылаушыны уақытша алмастыруды сұрағанын айтады. Оның сөзінше, жолаушыға көмектесуді сұраған адамдар болған, ал SOS батырмасы істемей, рация болмаған. Қорғаушы Нұртуған Өмірзақ тергеу мән-жайды толық анықтамады деп есептеп, істі қосымша тергеуге жіберуді сұрамақ.

Қаза болған Қанаттың әкесі Нұржан Байтасов ұлының қаланы өз бетінше бағдарлай алғанын және жеке көмекшінің қызметін қажетіне қарай пайдаланғанын сотта айтты. Трагедиядан кейін Алматы билігі метроға автоматты қорғаныс есіктерін орнатуға уәде берген. 11 станцияны жабдықтау жобасы 8,27 миллиард теңгеге бағаланғанымен, 2026 жылғы тамызда оны қаржыландыру қарастырылмағаны хабарланды.

Мемлекеттік сатып алу бойынша

8 705 324 11 61