Bugin

Қазақстандық PR мамандары үздік жобалар жинағын таныстырды

Алматыда қазақстандық PR саласының үздік тәжірибелерін қамтыған «PR – шешім кілті. Қазақстандық үздік PR-кейстер жинағы» кітабының тұсаукесері өтті. 2026 жылғы 13 қарашада таныстырылған басылымға отандық коммуникация мамандары жүзеге асырған 19 жоба және іскерлік беделге қатысты зерттеулер енгізілген.

 

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Ашық дереккөз

Кітаптың авторлары – Қазақстандағы PR мамандарының алғашқы кәсіби қауымдастығы саналатын PR-shy клубының 23 сарапшысы. Жинақта беделге нұқсан келтіретін дағдарыстарды еңсеру, ұлттық жобаларды ақпараттық сүйемелдеу, әлеуметтік мәселелерді шешу, корпоративтік және ішкі коммуникацияларды дамыту тәжірибелері қамтылған.

Авторлар нақты жағдайларда қабылданған шешімдер мен олардың нәтижелерін мысалға келтіре отырып, коммуникацияның бизнеске және қоғамға ықпалын көрсетеді. Кейбір жобаларда тиімді PR компания беделін сақтаумен шектелмей, бизнес нәтижелеріне, қоғамдық сенімге және әлеуметтік бастамалардың жүзеге асуына да әсер еткен.

Жинаққа «ҚазМұнайГаз» компаниясының халықтық IPO жобасын коммуникациялық сүйемелдеу, Алматы метрополитеніне деген қоғамдық сенімді қалыптастыру, террористік қауіп жағдайында Ауғанстандағы қазақстандық өндірістің мүддесін қорғау, жалған ақпарат пен брендтерге бойкот жариялау науқандарына қарсы әрекет ету сияқты тәжірибелер енген. Сонымен қатар беделге нұқсан келтірген дағдарыстарды еңсеру жолдары да баяндалады.

Әлеуметтік бағыттағы жобаларға да айрықша назар аударылған. Мәселен, кейстердің бірінде қайырымдылық қорының үш жыл ішінде балалар офтальмологиясын дамытуға миллион долларға жуық қаражат тартып, шала туған нәрестелер арасындағы көру қабілетінің бұзылуынан болатын мүгедектік деңгейін нөлге жуық көрсеткішке дейін төмендетуге қосқан үлесі сипатталған.

Бұдан бөлек, әйелдер денсаулығы мен психикалық саулық мәселелерін ақпараттық тұрғыдан ілгерілету, әр буын өкілдерінен құралған қызметкерлерді ортақ мақсатқа жұмылдыру, білім беру ұйымдарының брендін дамыту және бизнестің корпоративтік әлеуметтік жауапкершілігін арттыру тәжірибелері қамтылған.

«Біз PR саласының маңызын нақты жұмыс нәтижелері арқылы көрсететін кітап шығарғымыз келді. Әр автор табысты шешімдерімен қатар, жұмыс барысында кездескен қиындықтарымен, таңдаған құралдарымен және алған сабақтарымен де бөліседі. Біз үшін осы тәжірибені сақтап, жас мамандарға қолжетімді ету маңызды болды. Қазақстандық PR саласының мақтан тұтар жетістіктері көп. Сонымен қатар бір-бірімізден үйренеріміз де аз емес», – деді PR-shy клубының президенті, кітаптың бас редакторы Наталья Еськова.

Кітаптағы әрбір кейс ортақ құрылым бойынша әзірленген. Онда бастапқы жағдай, бизнес пен PR міндеттері, мақсатты аудитория, стратегия, іске асыру кезеңдері, қол жеткізілген нәтижелер және тәжірибелік қорытындылар көрсетілген. Сондай-ақ авторлар нақты коммуникациялық құралдарды таңдау себептерін, тиімді болған шешімдерді және жинақталған тәжірибені өзге жобаларда қолдану жолдарын түсіндіреді.

Жаңа басылым – «PR-shy клубының кейстері» кітаптар сериясының жалғасы. 2019 жылы жарық көрген алғашқы жинақ қазақстандық PR мамандарының тәжірибесін жүйелеуге негіз болған еді. Ал клубтың 25 жылдығына орай шығарылған жаңа кітап қазіргі PR саласының алдында тұрған міндеттердің ауқымы мен сан алуандығын көрсетеді. Басылым қазақ және орыс тілдерінде жарық көрді. Кітапты Астана мен Алматы қалаларындағы Meloman дүкендер желісінен сатып алуға болады.

PR-shy клубының тең құрылтайшысы, Қазақстан баспасөз клубы/PG Communications коммуникациялық тобының президенті Әсел Қарауылованың айтуынша, елімізде кәсіби қауымдастықтың 25 жылдық тарихында ауқымды әрі күрделі жобаларды жүзеге асыруға қабілетті мамандар қалыптасқан. Алайда олардың тәжірибесі жүйелі түрде зерттеліп, кәсіби ортада жеткілікті деңгейде талқылана бермейді.

Оның пікірінше, мұндай басылымдар қазақстандық PR-дың өзіндік кәсіби мектебін қалыптастыруға, жинақталған білім мен тәжірибені сақтап, оны мамандардың келесі буынына жеткізуге мүмкіндік береді.

Кітапты әзірлеуге ірі компаниялар мен банктердің коммуникациялық бөлімшелерінің басшылары, коммуникациялық агенттіктердің, қайырымдылық ұйымдары мен университеттердің сарапшылары қатысқан. Олардың әртүрлі саладағы тәжірибесі қазіргі PR мамандарының міндеттері қоғамдық пікірді қалыптастырудан бастап, компания ішіндегі коммуникациялық мәселелерді шешуге дейін кеңейгенін аңғартады.

Жинақтың әдеби редакторы, PR және маркетинг тақырыбындағы кітаптардың авторы Майя Леонова жұмыс барысында әр маманның өзіндік кәсіби қолтаңбасын сақтауға басымдық берілгенін атап өтті. Оның сөзінше, негізгі мақсат – барлық оқиғаны бір үлгіге салу емес, әр автордың тәжірибесін оқырманға түсінікті әрі пайдалы етіп жеткізу. Соның нәтижесінде кітапта міндет қоюдан бастап, нәтижені бағалауға дейінгі жұмыс барысы, мамандардың шешімдері, күмәндері мен қорытындылары қамтылған.

Басылым қоғаммен байланыс, маркетинг және жарнама саласында білім алып жүрген студенттерге, жас және тәжірибелі мамандарға, бизнес басшыларына, HR қызметкерлеріне және осы бағыттағы пәндерді оқытатын ұстаздарға арналған. Оны кәсіби даярлықта оқу құралы ретінде, нақты жағдайларды талдау және жеке коммуникациялық жобаларды әзірлеу кезінде пайдалануға болады.

Кітаптың жарық көруіне серіктестердің бірі ретінде AlmaU университетінің Медиа және кино мектебі қолдау көрсеткен. Бұл бастама тәжірибеге бағдарланған білім беруді дамытуға және кәсіби PR қауымдастығымен ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.

AlmaU Медиа және кино мектебінің деканы Айдана Айтбай Қазақстанда PR индустриясының дамуымен бірге күрделі коммуникациялық міндеттерді шешудің мол тәжірибесі жинақталғанын айтты. Оның пікірінше, бұл білім жекелеген компаниялардың ішінде ғана қалмай, кәсіби қауымдастық пен болашақ мамандарға да қолжетімді болуы керек.

Жобаны жүзеге асыруға «AYALA» қайырымдылық қоры мен Қазақстан баспасөз клубы да қолдау көрсеткен. Ал кітаптың тұсаукесері Coca-Cola компаниясы, Dan рестобары, Eva Coffee кофеханасы, TanRamen және LTE театрының серіктестігімен ұйымдастырылды.

 

Мемлекеттік сатып алу бойынша

8 705 324 11 61