Bugin

Қазақстанда онлайн-платформалардың жауапкершілігі мен пайдаланушылардың құқықтарын қорғау күшейтіледі

Қазақстан Республикасының Құрылтайында онлайн-платформалар мен масс-медиа мәселелеріне қатысты заң жобалары бірінші оқылымда қаралды.

 

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Ақорда

Ұсынылып отырған түзетулер азаматтардың құқықтарын қорғауға, балалардың интернеттегі қауіпсіздігін арттыруға, ақпараттық ортаның ашықтығын қамтамасыз етуге және онлайн-платформалардың жауапкершілігін күшейтуге бағытталған.

Онлайн-платформалардың жауапкершілігі артады

Заң жобасында онлайн-платформаларды Қазақстанда өкілдік ашуға міндеттеу және құқыққа қайшы контентті жою туралы нұсқамаларды орындамағаны үшін жауапкершілік белгілеу ұсынылады.

2026 жылдың 10 айында құқыққа қайшы 128,5 мың материал анықталып, олардың 70 пайызға жуығы жойылған.

Сонымен қатар жазылушыларының саны бес мыңнан асатын пайдаланушылар мен жария қоғамдастықтарды сәйкестендіру тетіктерін енгізу көзделген.

Балалардың интернеттегі қауіпсіздігі күшейеді

Қауіпсіз цифрлық орта қалыптастыру мақсатында 16 жасқа толмаған балалардың онлайн-платформаларда тіркелуіне шектеу қою және пайдаланушылардың жасын тексеру тетіктерін енгізу ұсынылады.

Алайда бұл талаптар ата-анамен, жақындарымен және мұғалімдермен байланысуға арналған мессенджерлерге қолданылмайды.

Онлайн-кинотеатрлардың қызметі реттеледі

Теле- және радиоарналарды аудиовизуалды платформалар арқылы таратуға лицензия беру, сондай-ақ онлайн-кинотеатрлардың Қазақстандағы заңды өкілдерін айқындау жоспарланып отыр.

Бұл медианарықтың барлық қатысушысы үшін ортақ әрі түсінікті талаптар қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктері енгізіледі

Заң жобаларында азаматтардың ар-намысы мен қадір-қасиетін, сондай-ақ өз бейнесіне құқығын қорғауға арналған қосымша кепілдіктер қарастырылған.

Бұдан бөлек, онлайн-платформаларда жала жапқаны, масс-медиа мен онлайн-платформаларда былапыт сөздер қолданғаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізу ұсынылады.

Сондай-ақ мемлекеттік органдардың бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланатын ресми жауаптарын арнайы белгімен көрсету, оқыту курстары мен оккульттік қызметтер туралы ақпараттың ашықтығын арттыру көзделген.

Жалпы, заңнамалық бастамалар цифрлық ортаның қауіпсіздігі мен ашықтығын қамтамасыз етуге, онлайн-платформалардың жауапкершілігін арттыруға және азаматтардың, мемлекеттің әрі медианарық қатысушыларының мүдделерін үйлестіруге бағытталған.

 

Мемлекеттік сатып алу бойынша

8 705 324 11 61