ҚОҒАМ

2027 жылдан жұмыссыздарға төленетін әлеуметтік төлем тәртібі өзгереді

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмысынан айырылған азаматтарға әлеуметтік төлем белсенді жұмыс іздеу кезеңінде беріледі. Төлем мерзімі үш айдан аспайды.

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com
Фото: Egemen Qazaqstan

Жаңа тәртіп бойынша жұмысынан айырылған азамат алдымен тұрғылықты жеріндегі мансап орталығына жүгінуі керек. Орталық жұмысқа орналасуға жәрдемдесіп, адамның тәжірибесі мен дағдыларына сәйкес бос жұмыс орындарын ұсынады.

2026 жылғы 1 қазаннан бастап «жұмыс іздеп жүрген адам» мәртебесінде болу мерзімі екі күннен 13 күнге дейін ұзартылған. Осы кезеңде мансап орталығының мамандары азаматтың тәжірибесін зерделеп, лайықты жұмыс орындарын іріктейді және жұмыс берушілермен сұхбат ұйымдастырады.

13 күн ішінде лайықты жұмыс табылмаса, азаматқа жұмыссыз мәртебесі беріледі. Орталық жұмыс іздеуге көмектесуді жалғастырады, қажет болса қысқа мерзімді кәсіптік оқуға жолдайды. Жұмыссыз мәртебесін алғаннан кейін әлеуметтік төлемге өтініш беруге болады: eGov.kz, Enbek.kz, екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы, SMS арқылы проактивті қызметке келісім беру арқылы немесе мансап орталығы мен «Азаматтарға арналған үкімет» бөлімшесінде.

Төлемнің ұзақтығы әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне байланысты болады. Оның мөлшері соңғы екі жылдағы орташа айлық табыстың 45 пайызына тең, ал есепке алынатын табыс ең төменгі жалақының жеті еселенген мөлшерінен аспайды.

2027 жылғы 1 қаңтардан ең төменгі жалақы 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін өседі. Осыған байланысты әлеуметтік төлемнің ең жоғары мөлшері айына 346,5 мың теңгеге дейін ұлғаяды. Оны міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысқан азаматтар ғана ала алады. Жаңа тәртіп 1 қазаннан бастап пилоттық режимде сыналған.

Мемлекеттік сатып алу бойынша

8 705 324 11 61