ӘЛЕМ

Гаитиде 6 миллионға жуық адам азық-түлік тапшылығына тап болды

БҰҰ қарулы зорлық-зомбылық, қымбатшылық пен құрғақшылық елдегі жағдайды ушықтырғанын мәлімдеді. Ахуал өзгермесе, 2027 жылдың ортасына қарай аштыққа ұшырағандар саны 6,3 миллионнан асуы мүмкін.

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com
Фото: Egemen Qazaqstan

Гаитиде шамамен 2 миллион адам аштықтың аса ауыр деңгейін бастан өткеріп отыр. БҰҰ дерегінше, ел тұрғындарының әрбір екіншісі тұрақты әрі жеткілікті мөлшерде тамақпен қамтамасыз етілмеген.

Қарулы топтар тұрғындарды үйлерін тастап кетуге мәжбүрлеп, базарлар мен егістік алқаптарға баруды қиындатып отыр. Құрғақшылық егін өнімін азайтса, азық-түлік пен жанармай бағасының қымбаттауы көптеген отбасының күнделікті ас-ауқат алуына кедергі келтіруде. Кариб аймағында температураның көтерілуі мен жауын-шашынның азаюына әсер етіп отырған «Эль-Ниньо» құбылысы да ахуалды күрделендірген.

БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) төтенше жағдайлар және тұрақтылық жөніндегі директоры Рейн Паульсен құрғақшылық пен аптап ыстық Гаитидегі азық-түлік қауіпсіздігіне айтарлықтай әсер етіп отырғанын айтты.

ФАО дағдарысқа тап болған отбасыларға тұқым мен үй жануарларын таратуда. Ұйым фермерлерге 200 тоннадан астам тұқым және 160 мыңнан аса ұсақ мал мен үй құсын үлестіруді жоспарлап отыр. Бағдарламаға 16 миллион доллардан астам қаржы бөлінген. Гаитидегі ФАО өкілі Пьер Вотьенің айтуынша, малды егіс науқанын күтпей-ақ таратуға болады, бұл фермерлерге көмекті бірден пайдалануға мүмкіндік береді.

Гуманитарлық ұйымдар қаржы тапшылығына тап болып отыр. Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасына Гаитидегі жұмысын наурыз айына дейін жалғастыру үшін 78 миллион доллар қажет. БҰҰ өкілдері көмекті шұғыл арттырмаса, миллиондаған адам бұдан да ауыр азық-түлік дағдарысына тап болуы мүмкін екенін ескертті.

Мемлекеттік сатып алу бойынша

8 705 324 11 61