ҚОҒАМ

Алматыда көшкін қаупі бар 200-ден астам аумақ анықталды

Мамандар қауіпті аймақтардағы үйлерді аралап, тұрғындарға көшкін белгілері мен эвакуация тәртібін түсіндіріп жатыр.

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com
Фото: Tengrinews

Демалыс күндері Бостандық, Медеу және Наурызбай аудандарында профилактикалық рейдтер өтті. Бір күнде мамандар көшкін қаупі бар 73 аумақты аралап, үй иелеріне жердің қозғалу белгілері байқалса не істеу керегін түсіндірді.

Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, қалада көшкін қаупі бар 200-ден астам учаске анықталған. Қауіпті аумақтарды паспорттау жұмыстары аяқталып келеді. Мамандардың алдын ала бағалауынша, олардың шамамен 80 пайызы адамның шаруашылық әрекетінен қалыптасқан. Бұған құрылыс кезінде беткейлерді кесу, жерді шамадан тыс суару, нөсер кәрізінің болмауы және су құбырларынан су ағуы себеп болуы мүмкін.

Биыл топырақтың шамадан тыс ылғалдануына, соның ішінде су құбырларының жарылуына байланысты техногендік сипаттағы 15 жағдай тіркелген: алты топырақ опырылуы, үш көшкін және алты топырақ сырғуы. Зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ.

Соңғы үш жылда көшкін қаупі жоғары 30 учаскедегі қатер көшкінге қарсы құрылыстар салу және жер телімдерін мемлекет мұқтажы үшін сатып алу арқылы жойылған. Соның нәтижесінде 1 500-ден астам адамның қауіпсіздігі қамтамасыз етіліп, 300-ге жуық тұрғын үй мен инфрақұрылым нысаны қорғалған. 2026 жылы тағы сегіз аумақтағы қауіпті азайту жұмыстары жалғасып жатыр.

Мамандар беткейлерді құрылыс үшін кеспеуге, герметикалық емес септиктерді пайдаланбауға, су құбырлары мен кәріз жүйелерін үнемі тексеруге және учаскелерде судың жиналуына жол бермеуге кеңес береді. Сондай-ақ жауын-шашын мен еріген қар суын уақытылы бұру қажет.

Мемлекеттік сатып алу бойынша

8 705 324 11 61