Bugin

Қазақстанның цифрлық дамуы: Президент жолдауы жаңа мүмкіндіктерге жол ашады

Қазақстан цифрлық технологияларды дамыту мен жасанды интеллектіні енгізу бағытында маңызды қадамдар жасап келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдауында белгіленген басымдықтар елдің технологиялық әлеуетін арттырып, жаһандық бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға бағытталған.

 

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Ашық дереккөз

Бұл туралы Философия, саясаттану және дінтану институтының Цифрлық әлеуметтік зерттеу орталығының жетекшісі Рүстем Мұстафин мәлімдеді.

Сарапшының пікірінше, Президент цифрландыру, жоғары технологиялар мен жасанды интеллектіні дамыту мәселелеріне тұрақты түрде назар аударып келеді. Бұл бағыттар мемлекет басшысының баяндамалары мен жолдауларында ел дамуының негізгі басымдықтары ретінде үнемі айтылып жүр.

«Президент Тоқаевтың заман ағымын ерекше сезіне білетінін айта кету керек. Ол жыл сайын әрбір дерлік сөзінде, баяндамасы мен жолдауында цифрландыру, жасанды интеллект мен жоғары технологияларды дамыту мәселесін Қазақстанның қазіргі заманғы дамуының басты басымдығының бірі ретінде атап өтеді», – деді Рүстем Мұстафин.

Оның айтуынша, жасанды интеллект бүгінде әлемдік технологиялық дамудың негізгі бағыттарының біріне айналды. Бұл салаға технологиялық тұрғыдан дамыған мемлекеттермен қатар, халықаралық аренадағы орнын нығайтуды көздейтін елдер де ерекше көңіл бөліп отыр. Сондықтан Қазақстан да жаңа технологиялардың мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып, бұл үдерістен шет қалмауы қажет.

«Сондықтан технологиялық даму бәйгесінен қалып қоймау, шартты түрде айтқанда, көштің соңында қалмау үшін президент бұл бағытқа айрықша басымдық беріп отыр», – деп атап өтті сарапшы.

Рүстем Мұстафин Қазақстанда цифрлық шешімдерді кеңінен енгізуге қажетті құқықтық негіз бен инфрақұрылымның қалыптасқанын да айтты. Оның сөзінше, электрондық мемлекеттік қызмет көрсету саласында еліміз айтарлықтай нәтижеге қол жеткізіп, халықаралық деңгейде алдыңғы қатардан көрініп келеді.

«Мұны жай ғана мақтау сөз деп ойлауға болмайды. Қазақстан цифрлық үкімет қызметін ұсыну бойынша әлемдегі жетекші орынның бірін иеленіп отыр», – деп түйіндеді сөзін Рүстем Мұстафин.

 

Мемлекеттік сатып алу бойынша

8 705 324 11 61