ДАМУ

«Самұрық-Қазына» аудиті құпияланды: ҚТЖ-да қандай заңбұзушылықтар анықталды

Жоғары аудиторлық палата қор мен ҚТЖ-ға жүргізілген тексерулердің бірқатар нәтижесін жариялады. «Самұрық-Қазына» аудитінің қорытындысы қызметтік ақпарат деп танылса, ҚТЖ тобында миллиардтаған теңгенің тиімсіз жоспарлануы мен шығыны анықталған.

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com
Фото: Tengrinews

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры мен оның жекелеген еншілес ұйымдарының активтері мен басқару жүйесіне аудит 2025 жылдың бірінші жартысында жүргізілген. Жоғары аудиторлық палата тексеру қорытындылары шектеулі таратылатын қызметтік ақпаратқа жатқызылғанын хабарлады.

2025 жылғы тексеру қордың корпоративтік орталығын, «Қазатомөнеркәсіп» пен Samruk-Kazyna Ondeu-ді қоса алғанда, 18 заңды тұлғаны қамтыған. Аудиторлар 351,8 миллион теңгенің қаржылық бұзушылығын, 122,2 миллиард теңгенің тиімсіз жоспарлануы мен пайдаланылуын және 119 жүйелі кемшілікті анықтаған. Кейбір материалдар құқық қорғау органдарына жолданған.

ҚТЖ тобына қатысты 2024 жылы жүргізілген аудит 2020 жылғы қаңтардан 2023 жылғы желтоқсанға дейінгі кезеңді қамтыды. Палата 1,05 миллиард теңгенің қаржылық бұзушылығын, 21,2 миллиард теңгенің тиімсіз жоспарлануы мен пайдаланылуын және 80,6 миллиард теңгенің шығыны мен алынбаған пайдасын көрсетті. Мәселелер қатарында қарыздың өсуі, есептіліктегі бұзушылықтар, өзіндік құннан төмен реттелетін тарифтер және ескірген ақпараттық жүйелер аталды.

Аудитте дизель отынын делдалдар арқылы сатып алу кезінде бағаның орта есеппен 29 пайызға көтерілгені де көрсетілген. Алайда отынның нақты көлемі, артық төлем сомасы, делдалдардың атауы және шарттар туралы мәлімет жарияланбаған.

ҚТЖ тобы бойынша берілген тоғыз ұсынымның жетеуі және 23 нұсқама тармағының 22-сі орындалуына байланысты бақылаудан алынған. Қалған екі ұсыным мен бір тапсырманың мерзімі әлі келмеген. Жоғары аудиторлық палата 2026 жылға арналған аудит жоспарында «Самұрық-Қазына» мен ҚТЖ-ны тексеру қарастырылмағанын мәлімдеді.

Мемлекеттік сатып алу бойынша

8 705 324 11 61