ҚОҒАМ
Астана соты кәсіпорын директорын аса ірі мөлшерде ұрлық жасау және қылмыстық жолмен алынған мүлікті заңдастыру баптары бойынша кінәлі деп таныды. Оған 8 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Авторларды қолдау орталығы
mediabugin@gmail.com
Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты «Q» АҚ-ға тиесілі домна пешіне арналған ірі кесекті қоспаны жымқыру ісін қарады. Сотталушы — «А» ЖШС директоры.
Сот мәліметінше, қылмыс 2016-2018 жылдары алдын ала сөз байласқан адамдар тобымен және бақылауындағы бірнеше фирманы пайдалану арқылы жасалған. «Q» АҚ мен «А» ЖШС арасындағы келісім бойынша, жалға берілген қож өңдеу учаскесінде өңделген өнімнен тек түйіршіктелген домна қожы мен қиыршық тасты сатуға рұқсат болған. Алайда директор бақылауындағы фирмалар арқылы үшінші тұлғаларға компанияның меншігіндегі ірі кесекті домна қоспасын өткізген.
Сот дерегіне сай, жымқырылған өнімнің жалпы құны 1,8 млрд теңгеден асқан. Бұған қоса, 2022 жылы директор қылмыстық жолмен алынған кірісті заңдастыру мақсатында бақылауындағы ЖШС мен сенімді адамы арқылы «К» ЖШС-нің 100 пайыз үлесін сатып алған.
Сот оны Қылмыстық кодекстің 188-бабы 4-бөлігінің 3-тармағы және 218-бабы 3-бөлігінің 3-тармағы бойынша кінәлі деп таныды. Жаза қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша мүлкін тәркілей отырып, 8 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру түрінде белгіленді. Жәбірленуші тараптың азаматтық талабы қанағаттандырылды, ал үкім заңды күшіне енген жоқ.
Мемлекеттік сатып алу бойынша
8 705 324 11 61