ТЕХНОЛОГИЯ
Ақпараттық қауіпсіздік комитеті мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті даркнеттегі хабарландыруға қатысты мәліметтерді зерттеп жатыр. Жаслан Мәдиев сатылымға ұсынылған файлдардың мазмұны да, мемлекеттік органдағы рәсімдердің сақталуы да тексерілетінін айтты.
Авторларды қолдау орталығы
mediabugin@gmail.com
Жаслан Мәдиевтің айтуынша, даркнетте қазақстандықтардың ұрланған деректері делінетін ақпаратты сату туралы хабарландырулар ара-тұра жарияланады. Алайда тексеру кезінде ондағы файлдар мәлімделген деректерге қатысы жоқ болып шығуы мүмкін.
Министр сатылымға қойылған файлдарды мамандар қарайтынын, сондай-ақ тиісті мемлекеттік органда рәсімдік талаптар бұзылған-бұзылмағаны анықталатынын жеткізді. Заңбұзушылық табылса, жауапты лауазымды тұлғалар мен ұйымға әкімшілік шара қолданылып, айыппұл салынуы мүмкін.
Тексеру азаматтардың медициналық ұйымнан деректер таралуы мүмкін деген шағымдарынан кейін басталған. Ол кезде төрт миллион қазақстандықтың жеке деректері жария болуы ықтимал деген ақпарат тараған. Мәдиев бұл көлем расталмағанын, бірақ ақпараттық қауіпсіздік талаптарын бұзу фактілері анықталып, ұйымға айыппұл салынғанын айтты.
Бұған дейін киберқауіптерді бақылайтын SOCRadar халықаралық компаниясы даркнетте Қазақстанның мемлекеттік органына тиесілі делінген деректер базасы сатылып жатқаны туралы хабарлаған. Компанияның мәліметінше, Brose бүркеншік атымен отырған пайдаланушы 2014-2026 жылдар аралығындағы 186 кестеде сақталған 507 миллион жазбаны 50 мың долларға (22 миллион теңгеден астам) ұсынған. Хабарландыруда шамамен 16,6 миллион азамат пен 6,8 миллион компания туралы дерек бар делінген. Цифрлық даму министрлігі бұл ақпаратты Сот органдарының бірыңғай порталына қатысты тексеріп жатқанын мәлімдеген.
Мемлекеттік сатып алу бойынша
8 705 324 11 61