Bugin
18 қарашада Астанада жоғары білім мен ғылым саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға арналған Стратегиялық серіктестердің III халықаралық форумы өтті. Іс-шара KNUS базасында «Ғылым және білім эндаумент-қоры» корпоративтік нысаналы капитал қорының және «Alageum Electric» компаниялар тобының қолдауымен ұйымдастырылды.
Авторларды қолдау орталығы
mediabugin@gmail.com
Фото: Ашық дереккөз
Форумға Қазақстан мен шетелдің университеттері, халықаралық және ғылыми ұйымдары, мемлекеттік органдар, аккредиттеу агенттіктері мен өндірістік серіктестердің 400-ден астам өкілі қатысты. Басқосудың негізгі мақсаты – халықаралық академиялық байланысты нығайтып, білім мен ғылым саласындағы уағдаластықтарды нақты бірлескен жобаларға айналдыру.
Жиында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Қазақстанның халықаралық ғылыми-білім беру орталығы ретіндегі әлеуетін таныстырды. Оның айтуынша, бүгінде елімізде шетелдік жоғары оқу орындарының 33 филиалы жұмыс істейді, ал қазақстандық университеттерде 41 мыңға жуық шетелдік студент білім алады.
Форум барысында трансұлттық білім беру, шетелдік университеттер филиалдарының қызметі, академиялық ұтқырлық, цифрлық оқыту және жасанды интеллектіні білім беру жүйесіне енгізу мәселелері талқыланды. Сонымен қатар халықаралық университеттермен бірлескен білім беру және ғылыми-зерттеу жобалары таныстырылды.
Ғылым мен технологияны дамытуға да ерекше назар аударылды. Министрлік дерегінше, «AI-Sana» бағдарламасы аясында 706 мың сертификат берілген. Ал ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру нәтижесінде 241 жоба нарыққа шығарылып, 29 жоба бойынша өнім экспортталып, 2,5 мыңнан астам жұмыс орны құрылған.
Форум аясында Coursera Future Talks сессиясы өтіп, цифрлық білім беру мүмкіндіктері мен халықаралық онлайн курстарды университет бағдарламаларына енгізу тәжірибесі қарастырылды. Сондай-ақ Coursera Qazaqstan Excellence Awards марапаттары табысталып, қазақстандық және шетелдік жоғары оқу орындары арасында ынтымақтастық туралы құжаттарға қол қойылды.
«Alageum Electric» компаниялар тобының форумға қолдау көрсетуі бизнес пен білім-ғылым саласы арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған серіктестіктің бір көрінісі болды. Мұндай алаңдар университеттер мен өндіріс өкілдерінің өзара тәжірибе алмасуына, бірлескен жобалар мен кадр даярлау бағытындағы бастамаларды дамытуына мүмкіндік береді.
Форум қорытындысы халықаралық серіктестік аясын кеңейтіп, студенттерге, оқытушылар мен зерттеушілерге жаңа академиялық және кәсіби мүмкіндіктер ашуға бағытталды.
Мемлекеттік сатып алу бойынша
8 705 324 11 61