Bugin
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жаңа тарихи кезеңге қадам басып, білім беру, ғылым, инновация және халықаралық ынтымақтастық бағыттарында ауқымды нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Бүгінде университет отандық жоғары білім беру жүйесіндегі жетекші оқу орындарының бірі ғана емес, халықаралық академиялық кеңістіктегі беделді ғылыми-білім беру орталығына айналды.
Авторларды қолдау орталығы
mediabugin@gmail.com
Фото: Ашық дереккөз
90 жылдан астам тарихы бар университеттің бүгінгі әлеуеті
1934 жылғы 15 қаңтарда негізі қаланған ҚазҰУ бүгінде 30 мыңға жуық студентке білім береді. Университет құрамында 16 факультет, 15 студенттер үйі жұмыс істейді. Білім алушыларға 550-ден астам білім беру бағдарламасы ұсынылған.
Университеттің халықаралық рейтингтердегі көрсеткіштері де жоғары. QS World University Rankings рейтингінде 177-орынға, ал QS Asia University Rankings рейтингінде 46-орынға тұрақтаған.
ҚазҰУ-дың халықаралық ауқымдағы қызметін кеңейту мақсатында шетелде бірқатар филиал ашылды. Атап айтқанда, Стамбұлдағы филиал 2022 жылғы 11 мамырда, Бішкектегі филиал 2022 жылғы 26 мамырда, ал Омбыдағы филиал 2024 жылғы 28 қарашада жұмысын бастады.
Сонымен қатар университет базасында 2022 жылғы 12 қыркүйекте Ресейдің Ұлттық ядролық зерттеу университеті (МИФИ), 2023 жылғы 12 қарашада Қытайдың Солтүстік-Батыс политехникалық университеті өз орталықтарын ашты.
Халықаралық ынтымақтастық және академиялық мобильдік
ҚазҰУ әлемнің 700-ден астам жоғары оқу орнымен байланыс орнатқан. Қазір университетте 55 елден келген 9 мыңнан астам шетелдік студент білім алуда.
Соңғы үш жылда профессор-оқытушылар құрамының біліктілігін арттыру, халықаралық конференцияларға қатысу және шетелдік университеттерде дәріс оқу мақсатында 1939 шетелдік іссапар ұйымдастырылған. Бұдан бөлек, оқытушылар 686 шетелдік ғылыми тағылымдамадан өтіп, халықаралық деңгейдегі 840 біліктілікті арттыру курсына қатысқан.
Университетте 60-тан астам қос дипломды білім беру бағдарламасы жүзеге асырылады. Олардың қатарында АҚШ-тың Penn State University, Германияның Висмар қолданбалы ғылымдар университеті, Францияның Лион университеті, Қытайдың Ланьчжоу университеті, Израильдің Бар-Илан университеті, Ресейдің РУДН және Әзербайжанның Баку мемлекеттік университеті бар.
Сондай-ақ университетке 150-ден астам шетелдік профессор мен шақырылған лектор тартылған. Ал 250 шетелдік студент академиялық алмасу бағдарламаларына қатысқан. Соңғы үш жылда ҚазҰУ-дың 2389 студенті, магистранты мен докторанты шетелде білім алып, ғылыми тағылымдамадан өткен. Сонымен қатар 100-ден астам студент халықаралық гранттар мен стипендиялардың иегері атанған.
Ғылым мен инновацияға бағытталған жаңа инфрақұрылым
2022 жылы ҚазҰУ-ға «Зерттеу университеті» мәртебесі берілді. Бұл университеттің ғылыми әлеуетін арттыруға және зерттеу нәтижелерін өндіріске енгізуге жаңа мүмкіндіктер ашты.
Бүгінде университетте 8 ғылыми-зерттеу институты, 39 ғылыми орталық және 140 зертхана жұмыс істейді. Ғалымдар 400 ғылыми жобаны жүзеге асыруда. Сонымен қатар 64 жаңа заманауи ғылыми-инновациялық нысан іске қосылған. 2024–2026 жылдар аралығында ғылыми-инновациялық инфрақұрылымды дамытуға 116 миллион АҚШ долларынан астам инвестиция тартылған.
Олардың қатарында FARABI HUB, SUPERCOMPUTER CLUSTER «Бір белдеу – бір жол», FARABI ROBOTICS орталығы, Халықаралық цифрлық технологиялар және робототехника институты, «Тұрақты даму және табиғатты ұтымды пайдалану» ғылыми-зерттеу орталығы бар.
Сондай-ақ ҚазҰУ базасында POLYU-KAZNU Орталық Азиядағы тұрақты даму орталығы, Қазақстан-Қытай бірлескен қашықтан зондтау технологиялары зертханасы, FARABI CHEM SCIENCE ғылыми кластері, «ZOOSTAN» археозоологиялық орталығы, Ми институты және Дәрілік өсімдіктерді зерттеу орталығы құрылды.
Бұдан бөлек, заң шығару үдерісіне жасанды интеллект енгізу, Қазақстан мен АҚШ арасындағы цитоматрица зерттеулері және ұшқышсыз ұшу аппараттарын әзірлеу бағыттарында да маңызды жобалар жүзеге асырылуда.
Аталған жобаларға халықаралық және отандық серіктестердің қолдауы айтарлықтай үлес қосуда. Олардың қатарында Ericsson, Samsung, BASF, NVIDIA, LG, ZTE және Huawei компаниялары бар.
Инвестиция және университет инфрақұрылымын жаңғырту
Университеттің материалдық-техникалық базасын дамытуға демеушілер мен инвестициялық серіктестер де атсалысып келеді. Олардың қаражаты есебінен оқу аудиторияларын жабдықтауға 257 мың доллар, университетке автобус сыйлауға 174 мың доллар, ал аумақты абаттандыру мен брусчатка төсеуге 1,5 миллион доллар бағытталған.
Сонымен қатар стадионды қайта жаңғыртуға 1,77 миллион доллар инвестициялық қолдау көрсетілген. Университеттің өз қаражаты есебінен инфрақұрылымды жаңғыртуға 8,2 миллион доллар бөлінген.
Оқытушылар мен ғалымдардың жетістіктері
ҚазҰУ ұжымы ғылыми және кәсіби жетістіктерімен де ерекшеленеді. 2025 жылы университеттің 38 оқытушысы «Қазақстанның үздік жоғары оқу орнының оқытушысы» атағын иеленді. Бұл ел бойынша аталған марапатқа ие болғандардың жалпы санының 25 пайызына тең.
Сондай-ақ 7 қызметкер «Үздік ғылыми қызметкер» республикалық конкурсының жеңімпазы атанды. Бұл көрсеткіш елдегі жалпы жеңімпаздар санының 15 пайызын құрайды. Ал «Болашақ» бағдарламасы бойынша ғылыми тағылымдамадан өту конкурсында университеттің 17 қызметкері жеңіске жетті.
2025 жылы ҚазҰУ ғалымдарының арасында академик Қ.И. Сәтбаев атындағы сыйлықтың 2 лауреаты, мемлекеттік ғылыми стипендияның 3 иегері анықталды. Сонымен қатар талантты жас ғалымдарға арналған стипендияны Серік Хохлов пен Лаура Ағибаева иеленді.
Студенттер – университет жетістігінің басты көрсеткіші
Университет студенттері республикалық білім және ғылым додаларында да жоғары нәтиже көрсетіп келеді.
2025 жылғы Республикалық студенттік пәндік олимпиадада ҚазҰУ студенттері 9 жүлделі орынға ие болды. Оның ішінде 4 бірінші, 2 екінші және 3 үшінші орын бар. Жеңістер биотехнология, кадастр, туризм, жерге орналастыру және түрік тілі бағыттары бойынша тіркелді.
Ал студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстарының республикалық конкурсында университет білім алушылары 72 жүлделі нәтиже көрсетті. Оның ішінде 22 бірінші, 24 екінші және 26 үшінші орын бар.
Жаңа тарихи кезең – жаңа мүмкіндіктер
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің соңғы жылдардағы жетістіктері білім беру сапасын арттыру, халықаралық байланыстарды кеңейту, ғылымды дамыту және инновациялық технологияларды енгізу бағытындағы жүйелі жұмыстың нәтижесін көрсетеді.
Шетелдік филиалдар, қос дипломды бағдарламалар, заманауи зертханалар, ғылыми орталықтар мен халықаралық серіктестіктер университеттің әлемдік академиялық кеңістіктегі орнын нығайтып отыр.
Бүгінде ҚазҰУ дәстүрлі білім беру құндылықтарын заманауи ғылыми жетістіктермен ұштастыра отырып, жаңа буын мамандарын даярлауға және Қазақстанның ғылыми-инновациялық әлеуетін арттыруға үлес қосуда.
Мемлекеттік сатып алу бойынша
8 705 324 11 61