Экономика
Санатта бар, санда жоқ бай
«Әлемдегі ең бай адам кім?» деген сұраққа ешкім нақты жауап бере алмайды. Себебі халықаралық деңгейдегі байлардың арасында «санатта бар, санақта жоқ» деген тізім бар. Бұл тізімге енген байлардың байлығын есептеу немесе олар туралы ақпарат беру мүмкін емес.
Неге?
Аталған тізімдегі байлар кез келген Медиа саласын уысында ұстап, олардың ақпаратты жұртқа жария етуіне тиым салады. Бұл дегеніміз, ақшаның құдіреті.
Джефф Безос пен Билл Гейтс ше?
Әрине, аталған қос азамат үлкен екі корпарцияның жетекшісі, директорлары, негізін қалаушылары ретінде жұртқа таныс, байлықтарын көрсетуден арланбайтын санақтағы байлар. Қазіргі есеп бойынша, Билл Гейтс 90 млрд АҚШ долларымен екінші орында Джефф Безосқа жол беріп келеді. Amazon басшысы 112 млрд АҚШ долларын құрайтын байлығымен әлемдегі ең бай деген атақты алып отыр.
Шынымен әлемдегі ең бай адамдар осылар ма?
Қытайдың қаржы саласында көп жыл еңбек еткен қарымды да білікті маманы, «Ақша соғысы» кітабының авторы Суң Хуңпиң өзінің кітабында былай дейді:
«Халықаралық ақпараттар құралдары байлығы 50 млрд долларға пара-пар Билл Гейтс тағы да әлемнің бірінші байы атанды деп жарыса хабарлап жатқанда, шын екен деп таңдай қақсаңыз, оңбай алданасыз. Себебі, жұрт құлағы үйренген аталмыш байлар тізімінен «санатта бар, санақта жоқ» ерен байлардың көлеңкесін шырақ алып іздесеңіз де таппайсыз, олар батыстың негізгі ақпарат құралдарын баяғыда тырп еткізбей меңгеріп болған».
РОТШИЛЬД
Бұл есім қаржы саласында жүрген, саясат сахнасындағы саңлақтарға жақсы таныс. Ротшильд есімі аталған кезде есіңізге нақты ештеңе түсе қоймайды. Тек «бай династия болған» деп тоқталуыңыз әбден мүмкін.
Ротшильд – үлкен әулет. Біз айтып өткен династия. Олардың байлығы туралы сөз болмайды және бола алмайды. Себебі әлемнің шешілмеген жұмбақтарының бірі ретінде қарастырылады. Алайда, сарапшылар Ротшильдтің байлығын ең кем дегенде 50 триллион АҚШ долларына бағалап отыр. Миллион, миллиард емес, триллион және бұл ең аз дегенде...
Ротшильдтің алғашқы капиталы немесе "Қызыл қалқан"
Бүкіл династия мен еврейлердің қаржы шаңырған құрған, Еуропадағы ең алып банктердің иесі бұл – Mayer Amschel Bauer.
1744 жылы 23 ақпанда неміс жерінде дүниеге келеді. Отбасы – еврей. Әкесі – зергер, анасы туралы нақты ақпарат жоқ(интернет беттеріндегі ақпараттардың көбі жалған болуы мүмкін). 13 жасында жетім қалған Майер Oppenheimer шаңырағының банкісіне шәкірт болып орналасады.
Арада біраз уақыт өткеннен кейін жас Майер еліне оралып, әкесінің ісін жалғастырып, жұртқа өсіммен ақша берумен айналысады. Кейін ол өзінің тегін Ротшильд яғни неміс тілінде «Rot» сөзі «қызыл», ал «Schild» дегеніміз «қалқан» есіміне ауыстырады.
Майердің алғашқы капиталын табуға бұрыннан таныс генерал Фон Христофор көмектеседі. Уильям ханзадасының сарайына генерал арқылы кірген Ротшильд ақыры 1769 жылы 21 қыркүйек күні "ханзаданың арнайы өкілетшісі" деген атаққа ие болады.
Уильям ханзаданың сеніміне кірген Майер 1799-1789 жылдары Франциядағы буржуазиялық төңкерісті бастан өткереді. Төңкеріс оты көрші жатқан монархиялық елдерді шарпып, Германияға да жетеді. Төңкеріс шоқпары қасиетті Рим империясына төнген кезде, Германия мен Ұлыбритания сауда байланысы үзіліп, импорт тауарлардың бағасы аспанға көтерілді. Ұлыбритания мен Германияға жасырын жолмен тауар тасыған Майер ақшаның астында қалды.
Майер Ротшильдтен қалған бір сөз бар: «үй ішінің берекесі бірге өтеген ғибадатпен бекиді». Алайда, кейінгі жұрт Ротшильд әулетінің байлық пен билікке құнығып кеткендіктерінің мәнісін әлі тапқан жоқ.
1800 жылы Ротшильд шаңырағы ең ықпалды әрі бай әулет ретінде қатарға қосылды.
1803 жылғы оқиға
Дәл осы жылы ханзадамен арасы берік Майер үшін үлкен мүмкіндік туады. Ханзаданың бөле ағасы Данияның королі болатын. Ол ханзададан қарызға ақша сұрайды. Бірақ ханзада келісім беруден бас тартады. Ал бұл жағдайдан хабары бар Майер ханзадаға ұсыныс жасайды: ақшаны ханзада шығарғанымен, арада Майер дәнерке болып, Дания короліне Ротшильдтердің атынан несие беру ойын айтады. Бұл ханзадаға ұнайды және мақұлдайды. Ал Майердің мақсаты – үлес алу.
Келісім жасалғаннан бастап, Ротшильд әулеті Дания королдігіне алты рет несие беріп үлгереді. Ал бұл оқиға жер-жерді аралап, Майердің аты мен Ротшильд династиясының атағы шарықтап кетеді. Майердің биліктегі патшаларға несие беру арманы орындалды.
3 миллион АҚШ доллары
Наполеон билікке келіп, төңкеріс басталды. Ол келе салып, ханзаданы Еуропа билеушілерінің билігінен шығарып тастау туралы үкім жасайды. Ал бұл кезде ханзада Данияға қашып, бас сауғалайды. Кетерінде Майердің қолына сенім ретінде, сақтап қою мақсатында 3 миллион АҚШ долларын тастап кетеді. Ал бұл капитал Ротшильд әулетінің ең бірінші капиталы және әлемді жаулау мақсатының басы болды.