ҚОҒАМ

Жұмыссыздық төлемі: 2027 жылдан бастап қандай өзгерістер болады

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыссыз қалған азаматтарға төлем тағайындау тәртібі жаңарады. Жұмыс іздеушілер алдымен 13 күн тіркеліп, осы уақытта Мансап орталығы мамандарының көмегін алады.

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com
Фото: Egemen Qazaqstan

Қазір әлеуметтік аударымдары кемінде алты ай төленген азамат жұмысынан айырылған жағдайда Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан соңғы екі жылдағы орташа айлық табысының 45 пайызы мөлшерінде төлем ала алады. Ол үшін жұмыссыз ретінде тіркелу қажет. Өтінішті Мансап орталығында, eGov.kz немесе Enbek.kz арқылы беруге болады.

Жаңа тәртіп бойынша азамат әуелі 13 күнтізбелік күнге жұмыс іздеуші ретінде тіркеледі. Осы кезеңде Мансап орталығының мамандары оның тәжірибесі мен дағдыларын бағалап, лайықты бос жұмыс орындарын ұсынады және қажет болса жұмыс берушілермен әңгімелесуге жібереді. Жұмыс табылмаса, оған жұмыссыз мәртебесі беріліп, әлеуметтік төлем тағайындалады. Жұмысқа орналастыру және қайта даярлау көмегі одан әрі жалғасады. Бұл тәртіп 2026 жылғы 1 қазаннан бері пилоттық режимде сыналып жатыр.

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап төлем үш айдан аспайды. Әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі 6 айдан 12 айға дейін болса, төлем 1 ай; 12 айдан 24 айға дейін болса, 2 ай; ал 24 ай және одан көп болса, 3 ай беріледі.

2027 жылы ең төменгі жалақы 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін өседі. Соған байланысты қордан төленетін төлемнің ең жоғары мөлшері айына 346,5 мың теңгеге дейін жетуі мүмкін.

Биыл өңірлік жұмыспен қамту карталары аясында 626,9 мың адам еңбекпен қамтылған, оның 114,3 мыңы жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысқан. 110,1 мың адам субсидияланатын жұмыс орындарына орналасқан. Ал 2026 жылдың алғашқы 10 айында жұмысынан айырылуына байланысты 367 мың адамға жалпы 128 млрд теңге төленген. Өтініш берушілердің 99,3 пайызына жуығы электрондық қызметтерді пайдаланған.

Мемлекеттік сатып алу бойынша

8 705 324 11 61