ӘЛЕМ

Испаниядағы сайлау: социалистер биліктен кетуі мүмкін

Сауалнамаларда консервативті Халық партиясы алда келеді. Ол сайлаудан кейін Vox партиясымен коалиция құруы ықтимал.

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com
Фото: BBC News Русская служба

Премьер-министр әрі Социалистік партияның жетекшісі Педро Санчес сайлау науқаны кезінде оңшыл үкіметтердің көбеюіне назар аударды. Ол Дональд Трамп, Бразилияның бұрынғы басшысы Жаир Болсонару және Аргентина президенті Хавьер Милейді мысалға келтіріп, Испанияда да осындай бағыттың орнауын қалай ма деген сауал қойды.

Сауалнамалардың басым бөлігінде оппозициялық консервативті Халық партиясы алда. Сайлаудан соң оның оңшыл Vox партиясымен коалиция құру мүмкіндігі бар. Науқан аясында екі саяси лагерь де қарсыластары Испания демократиясының негіздеріне қауіп төндіруі мүмкін деп мәлімдеп отыр.

Саясаттанушы Кристина Монхен бұл науқанның негізінен идеологиялық сипат алғанын айтты. Оның сөзінше, сайлаушылар биліктің жұмысына баға беруден гөрі, өздері жақтайтын идеологиялық топқа тиесілі екенін көрсетіп отыр.

Санческе қарсы сынның бір бөлігі оның сепаратистік партиялардың қолдауына сүйенуіне қатысты. 2023 жылғы сайлаудан кейін ол Каталонияның тәуелсіздік жариялауға сәтсіз әрекетіне қатысқаны үшін қудалауға ұшырауы мүмкін адамдарға рақымшылық жасау шартымен «Каталония үшін бірге» партиясының қолдауына ие болды.

Санческе және оның айналасындағыларға қатысты бірқатар сот тергеуі де сайлау науқанының тақырыбына айналды. Премьер-министр кейбір бұрынғы серіктеріне сенім артқаны үшін қателескенін мойындаған. Ал жұбайы Бегонья Гомес ықпалын асыра пайдаланды деген айыппен сотқа тартылмақ; ол кінәсін мойындамайды.

Солшыл саясаткерлер Халық партиясы мен Vox құрған аймақтық коалициялардың саясатын сынап, олардың кейбір шараларын оңшылдардың ұлттық деңгейде жүргізуі мүмкін бағытының көрінісі деп санайды. Төрт аймақта Vox шетелдіктерге қарағанда испандықтарға мемлекеттік қызметтер мен субсидия алуда басымдық беруге бағытталған «ұлттық басымдық» қағидасын енгізуге қол жеткізген.

Мемлекеттік сатып алу бойынша

8 705 324 11 61