ДАМУ

Желтоқсанда Қазақстанда қандай өзгерістер күшіне енеді

2026 жылғы желтоқсанда кредитті қайта құрылымдау тәртібі жаңарып, киім мен зергерлік бұйымдарға цифрлық таңбалау енгізіледі. Сонымен қатар бірқатар тариф пен төлем мөлшері өзгереді.

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com
Фото: Kursiv

Ұлттық банк 4 желтоқсанда сағат 12:00-де базалық мөлшерлеме бойынша биылғы соңғы шешімін жариялайды. Қазір мөлшерлеме жылдық 15,75% деңгейінде. Қазан айында реттеуші оны 0,5 пайыздық тармаққа төмендетіп, жыл соңына дейін өзгеру ықтималдығы аз екенін айтқан.

4 желтоқсаннан бастап банктер, микроқаржы ұйымдары мен коллекторлық агенттіктер мерзімі өткен берешекті қайта құрылымдау өтініштерін ортақ тәртіппен қарайды. Кредитор кешігу басталғаннан кейін 10 күн ішінде қарыз алушыға шартты қайта қарау мүмкіндігі туралы хабарлауға тиіс. Өтінішті қарауға 15 күнтізбелік күн беріледі. Әлеуметтік осал топтар мен төтенше жағдайдан зардап шеккендерге комиссиясыз, кемінде үш айға арналған арнайы шарттар қарастырылған.

1 желтоқсаннан бастап жеңіл өнеркәсіптің жекелеген тауарлары мен зергерлік бұйымдарға міндетті цифрлық таңбалау басталады. Алғашқы кезеңде киімнің кей түрлері, былғары және жасанды үлбірден жасалған бұйымдар, шаңғы костюмдері, төсек-орын және асүй тоқыма бұйымдары, сондай-ақ кей зергерлік бұйымдар мен сағат бөлшектері қамтылады. Таңбалау талаптары 2027 жылғы наурыз бен қазанда кеңейтіледі, ал тауар қалдықтарын таңбалауға 2028 жылғы 1 қаңтарға дейін уақыт беріледі. 6 желтоқсаннан бастап отандық өндірісі жоқ өнімдерді қоспағанда, шетелдік азық-түлікті мемлекеттік сатып алуға екі жылға шектеу қойылады; бұл дүкендердегі импорттық өнім сатылымына қатысты емес.

Tele2 мен Altel-дің кей тарифтері үшін абоненттік төлем 300-ден 2 мың теңгеге дейін өседі. Tele2-де өзгерістер 23 және 25 желтоқсанда, Altel-де 23, 24 және 30 желтоқсанда күшіне енеді. Altyn Bank 1 желтоқсаннан бастап касса арқылы шот пен картаға қолма-қол юань салу комиссиясын 3,6%-дан 1%-ға түсіреді. «ҚТЖ – Жүк тасымалы» жүк тасымалына қатысты кей қызметтер бағасын қайта қарап, жекелеген алымдарға 1,235 жоғарылату коэффициентін қолданады. Бұл жолаушылар билеттеріне қатысты емес. СДЭК Қазақстан ішіндегі және Қазақстан, Ресей мен Беларусь арасындағы құрама жүктерді жеткізу бағасын көтереді, сондай-ақ Қазақстаннан Әзербайжанға құжат пен сәлемдеме жіберудің кей тарифтерін өзгертеді.

1 желтоқсаннан бастап KASE қаржы құралдарының тәуекел параметрлеріне автоматты қолжетімділік сервисін іске қосады. Қазақстан резиденттері үшін айлық жазылым 50 АЕК, яғни 216 250 теңге, шетелдік компаниялар үшін 500 доллар болады. Telegram-дағы KASEInfoBot қызметінде күніне бес сұрауға дейін тегін, 20 сұрауға арналған 30 күндік жазылым 990 теңге, шектеусіз нұсқасы 1 590 теңге тұрады.

5 желтоқсаннан бастап ауылда жұмыс істейтін орман шаруашылығы мен ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың кей мамандарының лауазымдық айлығы қаладағы әріптестерінен кемінде 25% жоғары болуы тиіс. 4 желтоқсаннан спорт ұйымдары қызметкерлеріне спортшылар жетістігі үшін берілетін қосымша ақы есептеу тәртібі өзгереді: олимпиадалық, паралимпиадалық, сурдлимпиадалық, непаралимпиадалық және ұлттық спорт түрлерінде әр пән бойынша ең жоғары нәтиже ескеріледі. Жарыс өтпей қалса немесе кейінге шегерілсе, бұрынғы нәтижеге байланысты қосымша ақы тағы бір күнтізбелік жыл сақталады. Қосымша ақы алушылар қатарына жаттықтырушы-смазчиктер мен диеталық медбикелер де енгізіледі.

7 желтоқсаннан бастап мәслихаттың үлгілік регламентіне енгізілген түзетулер күшіне енеді. Міндетін орындамаған немесе депутаттық әдепті бұзған депутатты бір сессияға сөз сөйлеу құқығынан не оған қатысу мүмкіндігінен айыруға болады. Тұрақты негізде жұмыс істейтін депутатты бір күндік жалақысынан айыру түріндегі жаза да қарастырылған. Бір адам мәслихат төрағасы болып қатарынан екі реттен артық сайлана алмайды. Ал мәслихат таратылған жағдайда тұрақты негізде жұмыс істеген депутат жұмысқа орналасқанға немесе зейнетке шыққанға дейін, бірақ үш айдан аспайтын мерзімге орташа айлық жалақысы мөлшерінде жәрдемақы ала алады.

Мемлекеттік сатып алу бойынша

8 705 324 11 61