Bugin
Алматы қаласының Алмалы аудандық соты қоғам белсендісі Санжар Боқаевты 10 жылға, ал оның жиені Мадияр Қалменовті 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды. Үкім 27 қарашада жарияланды. Бұл туралы Bugin.kz хабарлайды.
Авторларды қолдау орталығы
mediabugin@gmail.com
Фото: Ашық дереккөз
Судья Жанат Әбенова Боқаевты алаяқтық, ұрлықты ұйымдастыру, ағаштарды заңсыз кесуді ұйымдастыру және көрінеу жалған ақпарат тарату баптары бойынша кінәлі деп таныды. Ал қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру эпизоды бойынша ескіру мерзімінің өтуіне байланысты оны қылмыстық жауаптылықтан босатты.
Сот үкіміне сәйкес, Боқаев жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді. Оның жиені Мадияр Қалменов те осы санаттағы мекемеге жіберіледі.
Істегі негізгі эпизодтар
Қылмыстық істің негізгі эпизодтарының бірі 2018 жылы «ҚазТрансГаз» АҚ қызметкерлерінің кәсіподағы қаражатына халықаралық автожарыс ұйымдастыруға қатысты. Сол кезде компания бас директорының кеңесшісі қызметін атқарған Боқаев жалпы сомасы 86,9 млн теңгеге екі келісімшарт жасалуын ұйымдастырған.
Оның 47,9 млн теңгеге жасалған келісімшарты жиені Мадияр Қалменов басшылық еткен «BM Trust» ЖШС-мен, ал екіншісі 39 млн теңгеге «We Can» ЖШС-мен жасалған. Сот анықтағандай, қызмет құны негізсіз көтеріліп, нақты орындалмаған жұмыстар үшін ақша аударылған. Соның салдарынан 42,2 млн теңге жымқырылған.
Жымқырылған қаражаттың бір бөлігі жабдық сатып алуға, өндірістік үй-жайды жалға алуға және жиһаз өндірісін ұйымдастыруға жұмсалған.
Тағы бір эпизод 2025 жылғы қыркүйекте Үлкен Алматы өзенінің арнасын қайта жаңарту нысанынан 12 гранит тақтаның ұрлануына байланысты. Олардың құны 1,3 млн теңгеге бағаланған. Сот нұсқасы бойынша, Боқаев бұл әрекетті Ұлан Нүсіпқожамен бірге ұйымдастырған. Кейін оқиғаның бейнежазбасын Instagram желісінде жариялап, ұрлықты өзі анықтағандай көрсеткен.
Сол жылдың қазан айында Баума тоғайында 16 ағаш заңсыз кесіліп, зақымдалған. Сараптама қорытындысы бойынша, ағаштардың жасы 21 жылдан 150 жылға дейін болған. Келтірілген залал 213 мың теңгені құраған.
Бұдан бөлек, сот Боқаев пен Нүсіпқожаның бюджет қаражатының жұмсалуына қатысты жариялаған бейнематериалдарын қарады. Олардың бірінде Алматыдағы екі жаяу жүргіншілер өткелін жөндеуге шамамен 1 млрд теңге бөлінгені айтылған. Алайда конкурстық құжаттамада он нысанды күрделі жөндеу көзделген.
Ал «Атакент» көрме кешенінің аумағын қайта жаңғыртуға бөлінген 10 млрд теңгеден астам қаражат жарияланымда негізінен көшелерді жарықтандыруға арналған шығын ретінде көрсетілген. Сот жобада субұрқақтар, инженерлік құрылыстар, суару жүйелері, көгалдандыру және басқа да жұмыстар қарастырылғанын анықтады.
Прокуратура 12 жыл сұраған
26 қарашада өткен жарыссөзде мемлекеттік айыптаушы Санжар Боқаевты 12 жылға, Мадияр Қалменовті 7 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Ал іс бойынша тағы бір айыпталушы Ұлан Нүсіпқожаға 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындауды ұсынды.
Сонымен қатар прокурор Боқаевқа 10 жыл бойы БАҚ, әлеуметтік желілер, журналистика, блогинг және жария қызмет салаларында жұмыс істеуге тыйым салуды сұраған.
Боқаев пен Қалменов тағылған айыптарды мойындамай, ақтау үкімін шығаруды талап етті. Ал Нүсіпқожа кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінетінін білдірді.
Сот үкімі
Сот шешімімен Санжар Боқаев 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Оған қосымша 10 жыл мерзімге БАҚ, әлеуметтік желілер, журналистика, блогинг және жария қызмет салаларында қызмет атқаруға тыйым салынды.
Мадияр Қалменов 6 жыл 6 айға сотталды. Ұлан Нүсіпқожаға 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Сонымен қатар оған бес жылға белгілі бір қызметпен айналысуға тыйым салынып, пробациялық бақылау және мәжбүрлі еңбек міндеттелді.
Сондай-ақ сот Боқаев пен Қалменовтен «ҚазТрансГаз» АҚ қызметкерлерінің кәсіподағының пайдасына ортақ тәртіппен 42,17 млн теңге өндіріп алу туралы шешім шығарды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Мемлекеттік сатып алу бойынша
8 705 324 11 61