ӘЛЕМ
Вашингтон Украина қауіпсіздігіне қатысты келіссөздерде ілгерілеу барын мәлімдеді. Алайда мұндай кепілдіктің нақты мазмұны мен оны іске асыру жолы әзірге белгісіз.
Авторларды қолдау орталығы
mediabugin@gmail.com
АҚШ өкілі Джаред Кушнердің айтуынша, Ресей Украинаға НАТО жарғысының ұжымдық қорғаныс туралы бесінші бабына негізделген қауіпсіздік кепілдігін талқылауға келіскен. Ол бұл туралы 19 қарашада Берлинде өткен саммиттен кейін айтты.
Бесінші бап бойынша одақтас елдер шабуылға ұшыраған мүшесіне көмектесуге міндеттенеді. Алайда бұл көмек міндетті түрде әскер жіберуді білдірмейді: әр мемлекет қажет деп тапқан шараны, соның ішінде қарулы күш қолдануды өзі таңдайды. НАТО бұл бапты бір рет — 2001 жылғы 11 қыркүйектегі шабуылдардан кейін іске қосты.
Кепілдіктің нақты қалай жұмыс істейтіні әзірге түсініксіз. Украина президенті Владимир Зеленский Берлиндегі келіссөздерден соң «НАТО-сыз бесінші бап» дегеннің мәнін түсіндіруді сұрады. Киев үшін сенімді қорғаныс кепілдігі Ресеймен аумақтық мәселелерді талқылауды бастауға қатысты маңызды шарт болып отыр.
Украинаға НАТО-ға мүше болмай-ақ, альянстың бесінші бабына ұқсас кепілдік беру идеясы бұрын да талқыланған. Бірақ Киев пен оның серіктестері арасында келісілген қауіпсіздік құжаттары әлі жасалған жоқ. Ресей билігі соғыс аяқталғаннан кейін Украинада батыс елдерінің әскери контингенті болуына қарсы екенін мәлімдеген.
Сарапшылардың пікірінше, жаңа келісімде қандай жағдай шабуыл болып саналатыны, кепілгер елдердің міндеттері және жауап шараларын кім қабылдайтыны нақты көрсетілуі керек. Украина билігі 1994 жылғы Будапешт меморандумын еске салып, қауіп төнген жағдайда орындалатын міндеттемелердің маңызын атап келеді.
Мемлекеттік сатып алу бойынша
8 705 324 11 61